Продюсер әрі актриса Баян Алагөзова өз үйінде танымал америкалық тревел-блогер Коннорды, яғни Camperghini атымен белгілі саяхатшыны қонақ етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі бұл кездесудің видеосын Instagram парақшасында жариялаған. Оның айтуынша, блогердің өзі қонаққа келуге ниет білдірген. Баян Алагөзова тіпті өз үйі қаладағы ерекше орындардың біріне айналып бара жатқанын айтып, қонақтың әсерін қызығушылықпен күтіп отырғанын жеткізді.
Қонақты қазақтың дәстүріне сай киіз үйде қарсы алып, мол дастархан жайылған. Ұлттық киім киген қыздар би билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған. Сондай-ақ Баянның анасы да ұлттық нақыштағы киім киіп, ерекше атмосфера қалыптастыруға үлес қосқан.
Дәстүр бойынша қонаққа шапан жабылып, құрмет көрсетілген. Кездесу барысында продюсер блогермен ағылшын тілінде сөйлесіп, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрі туралы айтып берген.
Желі қолданушылары бұл жылы қабылдауды жоғары бағалап, мұндай кездесулер ұлттық құндылықтарды әлемге танытуға үлкен үлес қосатынын атап өтті.
Айта кетейік, Camperghini — Lamborghini Urus көлігімен әлемді аралап жүрген америкалық саяхатшы. Ол өз парақшаларында барған елдері туралы әсерімен бөлісіп, саяхатшыларға кеңестер жариялап отырады.