Таразда зо жастағы Думан есімді жігіттің өліміне байланысты әпкесі әлеуметтік желіде жазба жариялап, көпшіліктен көмек сұрады. Ол бауырына бірнеше адам шабуыл жасағанын айтып, іске қатысы барлардың барлығы жауапқа тартылуын талап етті, деп хабарлайды kznews.kz.
Әпкесінің айтуынша, Думан ауруханада жұмыс істеген. Сол жерде емделген әйелдің бұрынғы күйеуі оған бірнеше рет хабарласып, кездесуге шақырған. Думан мәселені сөйлесіп шешу үшін кездесуге барған.
«Менің бауырым қолын амандасуға созған кезде оның қасындағы жігіттер темір мен дубинкамен басынан ұрып жыққан. Құлаған соң үш адам оны машинаның багажнигіне салған», – деді ол.
Әпкесінің сөзінше, кейін Думанды Аса өзенінің жағасына апарып, сол жерде тағы ұрған. Бұл жағдайды сол маңда жүрген балалар мен жолдағы көлік жүргізушісі көрген.
«Ұрып-соғудан кейін өздері Думанның машинасына салып, больницаға “көшеден тауып алдық” деп әкеліп тастаған», – деді марқұмның әпкесі.

Оның айтуынша, полиция бастапқыда үш адамды ұстаған. Кейін екеуі босатылып, бір адам ғана қамауда қалған. Сондай-ақ әпкесі тергеу кезінде куәгерге қысым жасалғанын айтып отыр. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Марқұмның әпкесі күдікті азаматтың Думанмен кездескенге дейін бұрынғы әйеліне күш қолданғанын да мәлімдеді. Оның сөзінше, ер адам осы жағдай үшін 15 тәулікке қамалған.
«Әйелін ұрған соң 15 күн ғана отырмай, сол кезде жазасын берсе, бір отбасының әкесі тірі қалар ма еді», – деді ол.
Әпкесі Думан мен әйелдің арасында қандай да бір қарым-қатынас болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, әйел Думанның пациенті ғана болған.
«Думан мен сол әйелдің арасында ешқандай да қатынас болмаған, жай ғана пациенті. Телефондағы жазбалардың бәрі емделуге қатысты болған. Бұрынғы әйелі де мұны растап отыр», – деді ол.
Марқұмның артында әйелі мен екі кішкентай қызы қалған. Әпкесінің айтуынша, Думанның кенже қызы әкесін танып та үлгермеген. Ол қайғылы жағдайдан бірнеше күннен кейін 30 жасқа толуы керек болған.
«Біз бір ғана нәрсені талап етеміз: іске қатысы бар барлық адам жауапкершілікке тартылсын. Бұл іс ешкімнің салғырттығынан “жабылып” кетпесін», – деді Думанның әпкесі.
Жамбыл облысы полиция департаменті әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.