Кәсіпкер Жұмабек Жанықұлдың бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлова көпшілікке бейнеүндеу жасап, ажырасу себептері мен сот процесіне қатысты өз уәжін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Жанна Маратқызының сөзінше, ол кәсіпкермен 20 жыл заңды некеде өмір сүріп, бес бала тәрбиелеген. Оның айтуынша, отбасының ыдырауына бұрынғы күйеуінің бірнеше рет опасыздық жасауы мен басқа әйелдермен қарым-қатынасы себеп болған.
«Мен бес баланың анасымын. Барлық балаларымды Жұмабек Жанықұлмен некеде тұрған кезде дүниеге әкелдім. Біз 20 жыл бірге өмір сүрдік. Ажырасуымызға оның жүргіштігі мен тоқалдары себеп болды. Некеде жүргенде неке келісімшарты да, дүние-мүлікті бөлу мәселесі де көтерілген емес. Мұның бәрі оның өмірінде басқа әйел пайда болғаннан кейін ғана басталды», – деді ол.
Жанна Жанықұлованың айтуынша, қазіргі уақытта олардың арасында ортақ мүлікті бөлуге қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Алайда ол істің әділ қаралып жатқанына күмән келтіретінін жеткізді.
Оның мәліметінше, 24 маусымда өткен кезекті сот отырысында талапкер тарап ұсынған маңызды өтініштердің ешқайсысы қанағаттандырылмаған. Атап айтқанда, жауапкердің кірісіне қатысты ресми құжаттарды іске тіркеу мәселесі қолдау таппаған.
Жанна Маратқызының айтуынша, салық органдарының мәліметіне сәйкес, бұрынғы жұбайына тиесілі «Қаражал Оперейтинг» компаниясының соңғы үш жылдағы табысы 20 миллиард теңгеден асқан. Сондай-ақ оның иелігінде осындай тағы 18 кәсіпорын бар екенін алға тартты.
Ол судья бұл деректерге тиісті деңгейде назар аудармағанын айтып, осыған байланысты адвокаты сотты қарап жатқан судьяға қарсылық білдіргенін мәлімдеді.
Бұрынғы жұбайының әкімшілік және қаржылық ықпалы зор екенін айтқан Жанна Жанықұлова істің әділ қаралуына алаңдайтынын жасырмады. Оның пікірінше, барлық тарап заң алдында тең болуы тиіс.
Сөз соңында ол қоғамнан және құзырлы органдардан сот процесінің ашық әрі заң талаптарына сай өтуіне назар аударуды сұрап, істің объективті қаралуына үміт білдірді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта бұл іске қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Жауапкер тараптың ресми ұстанымы немесе мәлімдемесі жарияланған жоқ.