KZNEWS.KZ
Экономика

Азияның алпауыт әуекомпаниялары бас қосқан ұйымға Air Astana басшысы жетекшілік етеді

• Асқар Алтайұлы
Фото: Air Astana

Бұл шешім 12–13 қараша күндері Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен AAPA басшыларының 70-ші Ассамблеясы аясында қабылданды, деп хабарлайды kznews.kz.

Аталған қауымдастық Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ірі халықаралық әуекомпанияларды біріктіреді. Қазіргі уақытта ұйымға 18 әуекомпания мүше. Олардың қатарында Air Astana-дан бөлек Singapore Airlines, Cathay Pacific, Air India, Japan Airlines, All Nippon Airways және Thai Airways сияқты авиация алпауыттары бар.

Биылғы Ассамблеяға авиация саласының 170-тен астам өкілі қатысып, халықаралық әуе тасымалының болашағын талқылады.

Жиында геосаяси жағдайдың авиацияға әсері, жаңа ұшақтарды жеткізудің кешігуі, авиациялық отын бағасының тұрақсыздығы және әуе тасымалын экологиялық тұрғыдан орнықты дамыту мәселелері көтерілді.

Ибрахим Жанлыел жаңа қызметке тағайындалуын халықаралық деңгейдегі үлкен жауапкершілік деп бағалады.

«AAPA Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалу мен үшін үлкен мәртебе. Қауымдастық жұмысына және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі әуе көлігінің одан әрі дамуына өз үлесімді қосуға ниеттімін», – деді ол.

Компанияның мәліметінше, бұл тағайындау Air Astana тобының халықаралық авиация саласындағы рөлін күшейтіп, Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты елдері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

Әсіресе халықаралық сапарларға сұраныс артып отырған кезеңде екі өңір арасындағы әуе қатынасын кеңейту туризм, сауда және экономикалық байланыстар үшін маңызды.

Айта кетейік, AAPA – Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі халықаралық әуекомпаниялардың мүддесін қорғайтын салалық ұйым. Оның штаб-пәтері Куала-Лумпурда орналасқан. Сондай-ақ Брюссель мен Вашингтонда өкілдіктері жұмыс істейді.

Қауымдастық мәліметінше, Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі әуекомпаниялардың үлесіне әлемдік жолаушылар және жүк әуе тасымалының үштен бірінен астамы тиесілі.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →