Құттыбек Әшірхан журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында қазақ тілінің тазалығы мен сөз қолданысына қатысты ойын ортаға салды. Тарихшының пікірінше, көпшілікке танымал өнер адамдары сахнада сөйлеген кезде әдеби тіл талаптарын ескергені жөн.
Ол Тұрсынбек Қабатовтың әзілдерінде Батыс Қазақстан, соның ішінде Орал өңіріне тән диалект сөздер жиі кездесетінін атап өтті. Әсіресе әзілкештің «айтып жатырқ», «істеп жатырқ» деген тіркестерді қолдануын құптамайтынын жеткізді.
Тарихшы мұндай сөздердің халық арасында кеңінен таралуына танымал тұлғалардың ықпалы зор екенін айтып, олардың тілдік қолданысына ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін алға тартты.
"Тырқ” деген сөз адамның аузынан шықпайды, артынан шығады. "Неменеге тырқ-тырқ етіп, тырқылдап отырсың?" деп айтады. Ол бір анайылау сөз. Әдеби нормаға келмейді. Біз әдеби норманы сақтауымыз керек", – деді Құттыбек Әшірхан.
Сонымен қатар тарихшы Тұрсынбек Қабатовтың сөз арасында қолданатын «біррез» тіркесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл сөздің орнына қазақ әдеби тілінде қалыптасқан «бір рет», «қайта», «дүркін» деген баламаларды қолданған дұрыс.
Құттыбек Әшірхан сахнадағы әзілдің мазмұнымен қатар, оның қандай тілмен жеткізілетініне де назар аудару маңызды деп есептейді. Ол көпшілік алдында сөйлейтін азаматтардың әдеби тіл нормаларын сақтауы қажет екенін айтты.
Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатов – Қазақстанға танымал әзілкеш, тележүргізуші әрі актер. Ол сахнадағы қойылымдарында күнделікті тұрмыста кездесетін жағдайларды әзілге айналдырып, әр өңірге тән сөйлеу ерекшеліктерін де пайдаланып келеді. Оның өзіндік сөйлеу мәнері көрермендерге жақсы таныс.