Түркістанда әлеуметтік желіде кең тараған видеода Әзербайжан туына құрмет көрсеткен мектеп оқушысы арнайы марапатталды, деп хабарлайды kznews.kz.
11-сынып оқушысы Нұрсұлтан Базарбайұлымен Түркістан облыстық полиция департаментінің басшылығы кездескен. Бейнежазбада жасөспірім жерге түскен Әзербайжан Республикасының туын көтеріп, құрмет көрсеткені көрінеді. Бұл әрекет желіде қызу талқыланып, көпшіліктің оң бағасына ие болды.
ІІМ мәліметінше, полиция басшылығы оқушының мемлекеттік рәміздерге деген құрметін, тәрбиесі мен азаматтық ұстанымын жоғары бағалаған. Кездесу барысында оған рухани құндылықтарға арналған кітап сыйланып, оқуына сәттілік тілеген.
Полиция өкілдері бұл әрекетті жастарға үлгі боларлық мәдениет пен сыйластықтың көрінісі деп атады. Ал Нұрсұлтан көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, бұл кездесудің өзі үшін ерекше маңызды болғанын айтты.
Ресми ақпаратқа сәйкес, оқушының әрекеті Әзербайжанда да жылы қабылданып, екі ел арасындағы достықтың белгісі ретінде бағаланған.