Өнер иесі бұл оқиғаны 2023 жылы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында баяндаған. Мақпал Жүнісованың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовпен алғаш рет 1989 жылы кездескен. Ол кезде әнші "Гүлдер" ансамблінде өнер көрсетіп, тоғыз жылдан бері жатақханада тұрып жүрген.
Тұрғын үй мәселесін шешу үшін өнерпаз сол кездегі лауазымды тұлға Заманбек Нұрқаділовтің қабылдауына баруға бел буған. Алайда оның алдына кірерде қатты қобалжығанын жасырмады.
"Жеткенше аяғым дірілдеп кетті. Өйткені ол кісінің мысы басым еді. Көзқарасымен тесіліп қарап отырды. Қағазға жазып алған өтінішімді айтып шықтым. Тоғыз жыл жатақханада тұрып жатырмын, бірінші кезекте тұрмын. Бірақ бізде "Гүлдерде" жүрген қыздарды күйеуге шықса болды, кезектен шығарып тастайды. Соны айттым", – деп еске алды әнші.
Мақпал Жүнісованың сөзінше, Заманбек Нұрқаділов оның өтінішін мұқият тыңдағанымен, бірден нақты жауап бермеген. Керісінше, 20 күннен кейін қайта келуін айтқан. Алайда әнші сол уақытта бір жарым айға гастрольдік сапарға аттанғалы жүргендіктен, тұрғын үй мәселесінің шешімін сол жерде білгісі келген.
"Ол кісі бәрін тыңдап отырды да: "Ладно, иди! 20 күннен кейін кел маған" деді. Өтірік айтсам, төбемнен тас ұрсын. Шок болып қалдым. Бір жарым айға гастрольге кетіп бара жатыр едім. "Сіз маған "иә" не "жоқ" деп айтыңызшы. Бересіз бе, бермейсіз бе?" деп сұрап тұрмын", – деді өнер иесі.
Осы сөзден кейін Заманбек Нұрқаділов орнынан атып тұрып, мәселенің мән-жайын өзге қызметкерлер түсіндіретінін айтқан.
"Ол кісі орнынан атып тұрып: "Иди! Там тебе объяснят" деді. Сол сәтте өзім де шошып кеттім. "Енді алдыңызға келмеймін" деп жатақханаға барып, өкіріп жыладым", – деп еске алды Мақпал Жүнісова.
Алайда алғашқы кездесу осылай аяқталғанымен, арада алты ай өткенде екеуінің жолы қайта түйіскен. Әншінің айтуынша, кезекті сапарға аттану үшін әуежайға барған кезде өзіне қадала қарап тұрған шляпалы ер адамды байқайды. Бірақ оның кім екенін бірден тани алмаған.
"Аэропортқа ұшайын деп бара жатырмыз. Ол кезде қарапайым адамдар артқы есіктен, бастықтар алдыңғы есіктен мінетін. Жаңбыр сіркіреп тұрды. Қарасам, бастықтар арасында шляпа киген бір кісі маған тесіліп қарап тұр. Қасымдағы Гаухар Мырзабековаға: "Мынаны бір жерден көрген сияқтымын" дедім. Ол: "Это же Нуркадилов" деді", – дейді әнші.
Кейін Мақпал Жүнісова сапарға шыққан делегацияны Заманбек Нұрқаділов басқаратынын білген. Өнер иесінің айтуынша, уақыт өте келе Заманбек Нұрқаділов сол сапарға әдейі қосылғанын да айтып берген.
"Кейін білдім, біздің делегацияның бастығы сол кісі екен. Кейін Зәкең маған бүкіл сырын ашты. Әдейі "мені делегацияға қосыңдар" деп сұраған екен. "Алдыма келмеді ғой бұл қыз, енді көрейін" деген ойы болыпты", – деді Мақпал Жүнісова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мақпал Жүнісова өнер жолының алғашқы кезеңінде өзі тап болған әділетсіздікті еске алып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова – Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының танымал әншісі, актриса және Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында дүниеге келген.
Мақпал Жүнісова өнер жолын жас кезінен бастап, көпшілікке "Гүлдер" ансамблінің әншісі ретінде танылды. Ерекше дауысымен, орындаушылық шеберлігімен және сахналық мәдениетімен тыңдарман ықыласына бөленді.
Әнші шығармашылығында қазақтың халық әндері мен лирикалық туындылар ерекше орын алады. Ол ұзақ жылдар бойы отандық эстрадада өнер көрсетіп, қазақ музыкасының дамуына үлес қосты.
Мақпал Жүнісованың жұбайы – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов. Ол 2005 жылы қарашада өмірден өтті. Ерлі-зайыптылардың Мерей есімді қызы бар.
Өнер иесі өзінің шығармашылығымен қатар, отбасылық өмірі, марқұм жолдасы туралы естеліктері және қоғамдағы түрлі мәселелерге қатысты пікірлері арқылы да көпшіліктің назарында жүр.