Атырау облысы Жангелдин ауылында болған отбасылық қайғылы жағдайға қатысты марқұмдардың жақындары пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Марқұмдармен құдандалы болған Амангелді Қалиев олардың мінез-құлқы мен өмір салты жайында айтып, оқиғаның неден туындауы мүмкін екенін болжады.
Оның айтуынша, құдасы сабырлы, салмақты адам болған. Сұрақ қойылса да, ойланып жауап беретін, артық сөзге бармайтын кісі екен. Құдағи да сондай мінезді болған.
«Мен өндірісте жұмыс істейтіндіктен, ауыл ішінде жиі болмаймын. Той-томалақта ғана көрісіп, амандық-саулық сұрасатынбыз. Ең соңғы рет тамыз айында Миялыда немере інісінің құдалығында бірге болдық. Сол кезде көңіл-күйі жақсы еді», – деді ол.
Амангелді Қалиевтің пікірінше, кейде болмашы себеп үлкен жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Уақыт өте келе мәселе күрделеніп, екі тарап үшін де ауыр жағдайға айналуы ықтимал.
«Кейде кішкентай нәрседен басталады. Ушығып, үлкен проблемаға айналады. Сырт көз білмеуі мүмкін. Егер білсек, ақыл айтып, жол көрсетеміз ғой. Бірақ бұл жолы жағдай шегінен асып кеткен сияқты», – деп топшылады ол.