KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Атыраудағы қанды қылмыстан аман қалған Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет сұхбат берді

• Айжан Сыланова
Фото: ашық дереккөз

Атырауда ата-анасы мен екі бауырынан айырылған Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет сұхбат беріп, қазіргі жағдайы туралы айтты. Қазір ол туыстарының үйінде ем қабылдап, психологиялық оңалтудан өтіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.

Әйелдің әпкесі Әсила Мұқанғалиеваның айтуынша, Ақбаян ауылына оралғысы келіп, жақындарын жиі сұрайды. Туыстары оған бауырларының Түркияда екенін айтқанымен, ол ауылда екенін естігенін айтып, сол жаққа баруға ниет білдіреді.

«Әлі дайын емес деген, сондықтан айтпай жүрміз. Айтқан жағдайдың өзінде қандай күйде болады, қайтып ауыртып аламыз ба деген сияқты ғой енді. Күтейік енді, аяғына тұрып алсын дегенге келтіріп тұрмыз енді», – дейді Әсила Мұқанғалиева.

Қазір Ақбаян психологтың көмегіне жүгініп жүр. Оның айтуынша, маманға аптасына екі рет барады. Әзірге басқа ем қабылдап жатқан жоқ.

Сонымен қатар әйел балалар үйіне уақытша орналастырылған бес баласымен аптасына екі рет кездеседі. Ақбаянның айтуынша, кішкентай баласы одан үйіне алып кетуді сұрап жылайды, ал үлкендері жағдайды біршама түсінеді.

Ақбаянның басты тілегі – денсаулығын қалпына келтіріп, балаларын қайтадан өз қамқорлығына алу. Қазір ол жақындарының қолдауымен оңалудан өтіп, қалыпты өмірге оралуға тырысып жүр.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →