Атырау облысында жұмбақ жағдайда қаза тапқан ерлі-зайыптылар ісіне қатысты жаңа деректер жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, бұл іске күдікті екі адам жақын уақытта Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі. Қазір оларды экстрадициялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, ол отбасының із-түзсіз кеткен екі баласы – Мейрамгүл Қарабалина (1990 ж.т.) мен Наурыз Мұқанғалиев (1993 ж.т.) бойынша да іздестіру шаралары жалғасып жатқанын айтты.
Вице-министрдің сөзінше, бұл іске байланысты арнайы тергеу тобы құрылған және кешенді іздеу жұмыстары жүргізілуде. Екі айдан бері табылмай жатқан ағайындыларды іздеу әлі де жалғасып жатыр.