Атырау облысында Қарабалиндер отбасын өлтіру ісі бойынша жаңа деректер жарияланды, деп kznews.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 29 жастағы күдікті Сұлтан Сәрсемалиев қылмысты жалғыз өзі және саналы түрде жасаған. Сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін көрсеткен.
Облыс прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, қылмыс бір сәтте емес, бірнеше ай аралығында орын алған. Атап айтқанда, отбасының ұлы Наурыз 2025 жылдың мамыр айында өлтірілсе, қалған отбасы мүшелері қараша айында қаза тапқан.
Сарапшылар марқұмдардың денесінде алтыдан астам пышақ жарақаты болғанын анықтаған. Жарақаттар негізінен мойын, кеуде тұсы және өмірлік маңызды мүшелерге бағытталған.
Сонымен қатар, күдіктінің әйелі әрі марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты нақты қорытынды әлі шықпаған. Атырауда жүргізілген сараптама оның психикалық жағдайына толық баға бере алмағандықтан, Алматы қаласында қайта тексеру тағайындалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Қаза тапқандардың туыстары істің ашық қаралуын талап етіп отыр.