Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен отбасы жайлы тың мәліметтер белгілі болды. Журналист Жұлдыз Қайратова әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы видео-сұхбат жариялап, марқұм Мақсот Мұқанғалиевтің қарындасы Асила Мұқанғалиеваның пікірін ұсынды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сұхбат барысында туыстары хабар-ошарсыз кеткен Наурыздың ұялы телефоны әлі күнге дейін қосулы тұрғанын айтқан. Алайда Асила Мұқанғалиева Наурызға тікелей хабарлама жолдамағанын, тек мессенджер арқылы оның соңғы рет қашан желіге кіргенін бақылап отырғанын жеткізеді. Сонымен қатар ол марқұм Мақсот Қарабалиннің қызы, жоғалғаны хабарланған Ақбаянға қатысты да өз ойын білдірген.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Мақсот Қарабалин мен Насип Утешкалиеваның мәйіттері табылған болатын. Тергеу дерегінше, олардың денесі өз үйлерінің ауласындағы сарайда көмулі күйде, үстіне жиһаз қойылып жасырылған. Бұл ақпаратты Атырау облыстық полиция департаменті растады.
Полицияның хабарлауынша, аталған дерек бойынша кісі өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі таңда күдіктінің жеке басы анықталып, оны іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар тағы екі адамды іздеу жалғасуда.