«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы Абылай Мырзахметов мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, сот оны жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы шешімді биылғы ақпан айында қабылдаған.
ҚАЖ департаментінің хабарлауынша, Абылай Мырзахметов жазасын өтеу кезінде өзін оң жағынан көрсетіп, төрт рет көтермелеуге ие болған. Соңғы марапаты 2025 жылдың қазан айында берілген. Сонымен қатар оған мінез-құлқының екінші оң дәрежесі беріліп, жеңілдетілген жағдайда жазасын өтеуге мүмкіндік жасалған.
Осы көрсеткіштер оған жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл жазаға ауыстыру туралы сотқа жүгінуге құқық берген. Сотталған азамат бұл мүмкіндікті пайдаланып, тиісті өтініш берген.
Абылай Мырзахметовті мерзімінен бұрын босату туралы шешімді Павлодар облыстық соты шығарды.
Еске салайық, Абылай Мырзахметов екі жыл бұрын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, сот үкімімен бас бостандығынан айырылған болатын.