Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC Fight Night 280 турнирінде кезекті жарқын жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әзербайжан астанасы Бакуде өткен UFC кешінде қазақстандық файтер америкалық Чарльз Джонсонмен кездесті. Үш раундқа жоспарланған аса жеңіл салмақтағы жекпе-жек тартысты өрбігенімен, үшінші раундтың 3 минут 33 секундында мерзімінен бұрын аяқталды.
Шешуші сәтте Асу Алмабаев қарсыласына ММА әлемінде өте сирек қолданылатын Suloev Stretch әдісін сәтті өткізіп, Чарльз Джонсонды берілуге мәжбүр етті. Бұл тәсіл UFC тарихында небәрі төртінші рет нәтижелі орындалған ерекше әдіс ретінде тіркелді.
Осы жеңістің арқасында Алмабаев кәсіби мансабындағы 24-жеңісіне қол жеткізді. Ал UFC ұйымындағы рекорды 7 жеңіс және 1 жеңіліс болып жақсарды. Өз кезегінде америкалық Чарльз Джонсон кәсіби мансабындағы тоғызыншы жеңілісіне ұшырап, UFC-дегі көрсеткішін 8 жеңіс пен 7 жеңіліске жеткізді.
Қазақстандық спортшының бұл жеңісі жанкүйерлер тарапынан жоғары бағаланып, ерекше әдіспен аяқталған жекпе-жек UFC кешінің есте қалған оқиғаларының біріне айналды.