Астананың бас имамы Наурызбай Өтпенов өрт салдарынан бес баласынан айырылған жанұя туралы айтты. Ол қазіргі уақытта қажетті қаражат жиналғанын, енді отбасыға үй сатып алып беретінін мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ.

Фото: NUR.KZ
"Жанұяға арнайы жиналған қаражат бар. Қазір көрсетілетін көмек туралы арнайы комиссиямен ақылдасамыз. Біз олардың ата-анасымен сөйлестік. Ақылдаса келе, мешіт атынан баспана сатып алып береміз деп шештік. Біз осылай келістік. Олар өз өтініштерін айтты, Алла қаласа, біз оларға көмектесеміз" , - деді имам.
Оған қоса, әлеуметтік желідегі видеоларда "Хазрет Сұлтан" мешітінің ұстазы Мақсатбек Қайырғалиев бүгін 13,4 млн теңге жиналғанын, бұл сома жанұяға табысталатынын айтқан.
Егер кімде-кім жанұяға қаржылай көмек бергісі келсе, олар мұны жеке жүзеге асыра алады.
Одан бөлек, бүгін өрттен ажал құшқан апалы-сіңлілерді жер қойнауында тапсыру кезінде олардың туыстары халықтан отбасыға азық-түлік пен жиһазға, қажетті заттарға көмектесуді сұраған. Өйткені, оқиға орнында отбасының заттарынан тек күл ғана қалған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қайғыдан қан жұтқан отбасыға қайғырып, көңіл айтты.
Дереккөз: kaz.nur.kz