Фото: Нұржас Жақсыбай
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елорда тұрғындары аязға қарамастан II Аstana Winter Marathon-2018 марафонында жүгірді.
Қазақстанның денсаулық елшісі Марат Жыланбаевтың қатысуымен II Аstana Winter Marathon-2018 марафоны өтті. Оған 12-74 жас аралығындағы азаматтар қатысты. Спорттық шара Триатлон паркінде ұйымдастырылды.
«Бүгін таңғы 9-да 1600-ден астам адам жүгіруге шықты. Сонша адам марафонға қатысуға өтініш білдірді. Олар 21, 10, 5 қашықтыққа жүгіруде. Ауа райына байланысты біз 42 шақырымды 21-ге қысқарттық. Бұл халықаралық ережелердің талабына сай келеді. Онда ауа температурасы -20 градустан төмен болса, жарыс кейінге қалдырылады немесе болмайды деп жазылған. Біз барлығын ережеге сай жасадық», - деді танымал марафоншы.
«Атырауда 107 адам, Павлодарда 60 адам жүгіреді. Орал, Екібастұз, Ақтөбе қалаларынан да қатысушылар бар. Олар да медаль алады. Жалпы біз 2 мың медаль жасадық», - деді Марат Жыланбаев.
Айта кетейік, жарыстың мақсаты – ауа-райына қарамастан дене шынықтырумен және спортпен белсенді түрде айналысуға шақыру, жас спортшыларды қолдау және бұқаралық спортты насихаттау.
Жарыс бағдарламасы бойынша қатысушылар 21 км, 10 км және 5 км қашықтыққа жүгіреді:
- 21 км жартылай марафонға 18 жастағылар және одан жоғарылар;
- 10 км қашықтыққа серіктесіп жүгіруге 14 жастағылар және одан жоғарылар (ата-аналарының/қамқоршыларының жазбаша келісімі арқылы);
- 5 км қашықтыққа 12 жастағылар және одан жоғарылар (ата-аналарының/қамқоршыларының жазбаша келісімі және бірге қатысуы арқылы) жіберіледі.
Жеңімпаздар медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал мәреге жеткен қатысушыларға естелік медальдар беріледі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!