Астанадағы жеке стоматологиялық клиникалардың бірінде жас жігіттің қаза табуына байланысты қайғылы жағдай тіркелді, деп хабарлайды kznews.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тіс емдетуге келген 20 жастағы Мұрат дәрігер салған екпеден кейін көз жұмған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта өлімге медициналық қателік себеп болуы мүмкін екені айтылуда.
Марқұмның танысы Әсел Айжанованың жазуынша, стоматолог аллергиялық сынама жүргізбестен бірден дәрі еккен. Екпеден кейін жігіттің денесі құрысып, жағдайы күрт нашарлаған. Соған қарамастан, оған тағы бір рет дәрі енгізілген. Екінші инъекциядан кейін ол оқиға орнында жан тапсырған.
Астана қалалық полиция департаменті бұл деректі растады. Ведомство мәліметінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.
Қазіргі уақытта кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысына сәйкес тиісті процессуалдық шешім қабылданып, дәрігерлердің әрекетіне құқықтық баға берілмек.