Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысына қатысты жағдай қоғамда қызу талқылануда. Оқушының ата-анасы жасөспірім бірнеше жыл бойы қатарластарының қысымына ұшырап, соның салдарынан ауыр психологиялық күйзеліске түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Анасының айтуынша, ұлы мектепке грантпен түсіп, оқу үлгерімі жоғары болған. Алайда жетінші сыныптан бастап түрлі жағымсыз жағдайлар орын алып, уақыт өте келе бала тұйықталып, сыныптастарымен араласудан қашқақтай бастаған. Отбасының сөзінше, ашық жанжалдар болмаса да, жасөспірім біртіндеп ұжымнан шеттетілген.
Ата-анасы психологтардың көмегіне жүгінген. Мамандар баланың буллинг белгілеріне тап болғанын және психологиялық жағдайының күрделенгенін айтқан. Кейін дәрігерлер оның эмоционалдық күйіне байланысты арнайы ем тағайындаған.
Отбасы мектеп әкімшілігіне бірнеше рет жүгінгенін, алайда жағдайға тиісті деңгейде назар аударылмағанын алға тартады. Мамандардың ұсынысынан кейін ата-анасы баласын басқа білім беру ұйымына ауыстырған.
Қазіргі таңда жасөспірім дәрігерлердің бақылауында. Оның анасының айтуынша, баланың жағдайы біртіндеп тұрақталғанымен, толық қалпына келу үшін уақыт қажет.
Отбасы оқиғаға құқықтық баға беріліп, буллингке жол берген тұлғалар мен жағдайға көз жұмды деп есептелетін жауапты қызметкерлердің әрекеті тексерілуі тиіс деп санайды. Қазір іс материалдары құзырлы органдардың қарауында.