Қазақстанда әуе такси қызметін іске қосу жоспарланып отыр. Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылып, алдымен Астана, Алматы және Қосшы қалаларында сынақтан өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің сөзінше, Қазақстанда ұшқышсыз ұшу аппараттары мен төмен биіктікте ұшатын көлік түрлерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Алматыда тауарларды дрондар арқылы жеткізу бойынша пилоттық жоба да іске қосылған.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылы дрондармен коммерциялық тасымалды іске қосу және жеткізу қызметінің ауқымын кеңейту көзделген. Ал 2028 жылдан бастап аэротаксимен коммерциялық жолаушы тасымалын бастау жоспарланып отыр.
Мәдиев әр кезеңде басты назар қауіпсіздік талаптары мен қажетті инфрақұрылымның дайындығына аударылатынын атап өтті.
Аэротакси қанша тұрады?
Әуе такси қызметінің нақты бағасы әзірге белгісіз. Жасанды интеллект вице-министрі Бахтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, тариф пилоттық жобаның нәтижесіне қарай анықталады.
«Қазіргі уақытта елімізде арнайы пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Әуе таксилерінің нақты тарифтік саясаты осы сынақ жобасының нәтижелері бойынша бекітіледі. Ең алдымен қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, ұшу қауіпсіздігі мен тасымалды реттейтін нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу маңызды», – деді ол.
Айта кетейік, 2026 жылдың мамырында Алатау қаласында Қазақстандағы алғашқы аэротакси сынақтан өткен. Сынаққа Қытайдың AutoFlight компаниясы шығарған жолаушыларға арналған eVTOL аппараты қолданылды. Әуе көлігі алты адамға есептелген: бес жолаушы және бір ұшқыш. Аппараттың ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін, ал бір рет ұшқанда шамамен 200 шақырымға дейінгі қашықтықты еңсеруге қауқарлы.