Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек маусым айының басында елордада болған ауыр жол апатынан екі аяғынан айырылған 8 жастағы Алуа Бекеннің отбасына уәде етілген баспана толықтай берілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қала басшысының айтуынша, ол Алуаның отбасымен жеке кездесіп, жағдайымен танысқан. Оқиғадан кейін әкімдік тарапынан медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді.
Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, №1 автобус паркі зардап шеккен баланың отбасына шамамен 20 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеген. Бұған қоса, қаладағы демеушілер де қосымша қаржылай көмек көрсеткен.
«Уәде етілген пәтер берілді. Қазіргі таңда баспанада жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал әкімдік жөндеу аяқталғанға дейін Алуаның отбасына уақытша тұрып жатқан пәтердің жалдау ақысын төлеп отыр. Алуа қазір мектепке барып жүр, білім беру мекемесі тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетілуде», – деді қала әкімі брифинг барысында.
Еске сала кетейік, маусым айының басында Астанада Республика даңғылы бойында қалаішілік жолаушылар автобусы жол апатына ұшыраған болатын. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде көлікті басқара алмай, жол жиегіндегі бағанға соғылған. Апат салдарынан бірнеше адам зардап шеккен, ал 8 жасар Алуа Бекен ауыр жарақат алып, екі аяғына ампутация жасауға тура келген.