Жетісуда төртем дүниеге келген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жетісуда төртем дүниеге келген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады

Жетісуда төртем дүниеге келген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады
Фото: ашық дереккөз

Өңір басшысының атынан ата-ана мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.

Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында босанған жас ананы бүгін жерлестері салтанатты түрде қарсы алды. Жетісу облысының Кербұлақ ауданында тұратын отбасыға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды kznews.kz

Шенеуніктің айтуынша, отбасыға Сарыөзек ауылындағы жаңа көпқабатты үйдің екінші қабатынан үш бөлмелі пәтер берілген. Баспананың ішінде жайлы өмір сүруге қажетті барлық жағдай жасалған.

"Альмира Алматыда болған кезде облыс әкімі оның жағдайын күн сайын сұрап отырды. Біз Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандарымен үнемі байланыста болып, ана мен балалардың жағдайын бақыладық. Бір мезетте төрт сәбиге күтім жасау көп күш пен назарды қажет етеді. Сондықтан Альмираға балаларды күтуге көмектесетін адам беріледі. Жалпы, сәбилердің дені сау болып өсіп, жақсы дамуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз", – деді Марлен Көлбаев.

Кербұлақ ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында тұратын отбасында бұған дейін үш бала болған. Ал төртемге Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірх есімдері берілген.

31 жастағы Альмира Бекеева Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Ал күйеуі Олжас Бекеев жүк көлігінің жүргізушісі.

Төртем 24 қыркүйекте кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Жүктіліктің көпұрықты екені анықталған сәттен бастап жас ана Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы мамандарының бақылауында болған.

"УДЗ кезінде бірден төрт бала күтіп жүргенімді алғаш білгенде қатты қуандық. Әрине, төрт сәбиді бірдей көтеру оңай болған жоқ. Балаларым үшін уайымдап, қорықтым. Жүктіліктің 30аптасы 6 күнінде кесарь тілігі жасалып, төрт сәби дүниеге келді. Операцияны ғылыми орталықтың директоры жасады. Балалар шала туғандықтан, алғашқы минуттарынан бастап дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір сәбилер жақсы салмақ қосты. Барлық қиындық артта қалып, үйге оралдық", – дейді жас ана.

Төртемнің атасы Қайрат Бекеев те отбасында бірден төрт немеренің дүниеге келгеніне қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, Алматыда перзентханадан салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтіп, жерлестерінің қолдау көрсетуі отбасы үшін ерекше қуаныш болған.

Ол баршаға құттықтаулары үшін алғыс айтып, айналасындағыларға бақыт тіледі.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.