Әлеумет

Астана әкімдігі спорт кешенін 200 мың теңгеге сатып, көп ұзамай 7 млрд-қа “Арғымақ” сатып алды

Астана әкімдігі спорт кешенін 200 мың теңгеге сатып, көп ұзамай 7 млрд-қа “Арғымақ” сатып алды
Фото иллюстрация: kznews

Астана қалалық мәслихатының депутаты Владислав Сергеевтің айтуынша, 2016 жылы «Тұлпар» ат спорты кешені аукцион арқылы бар-жоғы 200 мың теңгеге сатылған. 

Одан кейін әкімдік «Арғымақ» атты жаңа ат спорты кешенін сатып алу туралы бастама көтерді. Оның құны – 7 млрд теңге.

Бұл шешім сол кездегі депутаттардың басым көпшілігінің қолдауымен өткен.

«Алғашында бұл кешен ерекше балаларға иппотерапия қызметін көрсету үшін алынады, барлық бала тегін кіре алады деп айтылды. Бірақ қазіргі таңда кешенді сенімгерлік басқаруға беру көзделіп отыр. Өкінішке қарай, тәжірибе көрсетіп отырғандай, сенімгерлік басқарушы келген соң көп қызметтер ақылы болып кетеді», – деді Владислав Сергеев мәслихаттың бюджетті нақтылау жөніндегі отырысында.

Депутаттың алаңдауы негізсіз емес. Мемлекет қаржысына алынған әлеуметтік нысанның кейін жеке компанияның қарауына өтуі тұрғындар арасында ашықтық пен әділдікке қатысты күмән туғызады.

«Бюджеттің, халықтың ақшасына салынған ғимаратты кейін жеке бизнес иесі басқарып, табыс табады. Бұл бюджеттік саясаттың тиімді тәсілі емес», – деді Сергеев.

Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов бұл мәселені жан-жақты пысықтауға уәде берді. Оның айтуынша, сенімгерлік басқару қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған болуы мүмкін.

«Атшабар мәселесіне қатысты сенімгерлік басқаруды қалай жүзеге асыру жоспарланып отырғанын нақтылап алу қажет. Қызметтердің қандайы ақылы, қандайы тегін болатыны ашық айтылуы тиіс. Халық кешеннің қалай жұмыс істейтінін алдын ала біліп отырғаны дұрыс», – деді әкім орынбасары.

СҚО-ның олимпиадалық резерв мектептері тәжірибесінде де спорттық инфрақұрылымды басқаруда сенімгерлік тетіктер қолданылып жүр. Дегенмен, мұндай жағдайда басты талап – әлеуметтік міндеттердің сақталуы, яғни ерекше балалардың оңалтудан ақысыз өту мүмкіндігі.

«Арғымақ» ат спорты кешені тек спорт пен демалыс орны емес, ол – ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін әлеуметтік маңызды орталық. Сондықтан оны сенімгерлік басқаруға беру мәселесі қоғамда ашық талқылануы тиіс. Басты сұрақ – мемлекет қаржысына алынған нысан өзінің бастапқы миссиясын сақтай ма, жоқ па?

Бұл жағдай бюджет қаржысын тиімді пайдалану, әлеуметтік нысандарды басқарудағы жариялылық пен есептіліктің маңызын тағы бір мәрте еске салды.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz