KZNews.kz
Қоғам

Аспандағы ажалға бір қадам: Шымкент әуежайында диспетчердің қателігінен жүздеген тағдыр қыл үстінде қалды

Айжан Сыланова

Кейде аяғымызды шалыс баса қалсақ, “кім қателеспейді?” деп ақталып шығамыз. Ағаттықтардың артын осылай жаба салғымыз келеді, деп жазады kznews.kz. Ешкімге зияны жоқ, өзіңе сабақ боларлық жағдайларда “жә, қойшы, ештеңе етпес” деп тығырықтан оңай құтылып, жабулы қазанды сол күйі қалдыра салар едік. Бірақ бір адамның қателігі басқалардың тағдырына тікелей кері әсерін тигізсе ше? Ойланатын сұрақ…

Жаңа жылдың басында теміржол мен әуежайда билеттердің бірі қалдырмай сатылып, аяқ алар жер жоқ орынға айналды. Жолаушылар чемодандарын арқалап

алаңсыз демалып жүргенде бір жаңалық қоғамды дүр сілкіндірді. БАҚ 2026 жылғы 10 қаңтарда Шымкент аймағында әуеде аса қауіпті жағдай тіркелгенін жарыса жазды. Диспетчер қызметі кезінде екі халықаралық рейстің ұшақтары бір-біріне тым жақын ұшып, соқтығысуға аз-ақ қалған. Құдай сақтады! Темірден болған апаттан әбден зәрезап болған халық тағы бір трагедиядан аман қалды. Ондаған емес, жүздеген өмірді жалмап кетер еді ғой. Алдымен оқиғаға бір шолу жасайық.

Бұл жаға ұстатарлық жағдай Астана уақытымен шамамен 05:42-де Шымкент өңірлік диспетчерлік орталығының А2I секторында орын алған. Самарқанд бағытындағы «Победа»  және Мәскеу бағытындағы «Uzbekistan Airways» әуе компанияларына тиесілі екі жолаушы ұшағы бір уақытта әуе кеңістігінде ережемен бекітілген қауіпсіздік арақашықтығын бұзып, бір-біріне тым жақын ұшып өткен. Әрине, диспетчердің қасақана жасамағаны белгілі. Бірақ әр мамандыққа артылған жауапкершілік, шегелеп қойған міндет бар. Соны дұрыс орындай алмаған диспетчердің қате әрекетінен

оқиға «ауыр авиациялық жағдай» деп бағаланып,осыған байланысты міндетті тексеру қолға алынды. Көлік министрлігі арнайы комиссияның құрылғанын хабарлап, бұл істің бастан-аяқ үш ай бақылауда болатынын мәлімдеді. 

Негізі авиацияда «Near mid-air collision» ережесі бойынша, екі ұшақ әуеде рұқсат етілген ең төменгі қауіпсіз арақашықтықтан жақындап кетпеуі керек. Әдетте тік арақашықтық 300 м (1000 фут), көлденең арақашықтық 5–10 км-ді құрайды деп бекітелген. Осы шектен асқан жағдайда оқиға ауыр авиациялық инцидент ретінде тіркеледі. Диспетчердің қызметінен бөлек, ұшқыштар осындай қиын жағдайда алдарында тұрған технологияның көмегіне жүгінеді. Екі ұшақта да Traffic Collision Avoidance Systemжүйесі орнатылған.
Бұл жүйе соқтығыс қаупін анықтап, ұшқыштарға автоматты түрде «төменде» немесе «жоғарыла» деген команда береді. Кей жағдайларда TCAS диспетчер нұсқауынан да басым саналады. Мұндай басымдық 71, оның ішінде 49 бала қаза болған Германия аспанындағы диспетчер қателігінен кейін заңмен бекітілген.

Технологияға да қанша сенім артамыз дегенмен, аспанда жүріп, ажалдың торына түсіп қалған оқиғалар аз болған жоқ. Испанияның Канар аралдарында 583 адам тіл тартпай кеткен жағдай туралы естіп пе едіңіз? Денең түршігіп, жүрегің ауырады. Бұл қайғылы оқиғада диспетчер мен ұшқыш арасындағы дұрыс емес радиобайланыстың кесірінен екі Boeing 747 ұшағы ұшу-қону жолағында соқтығысқан. Осы апаттан кейін авиацияда радио байланыс стандарттары түбегейлі өзгертілді. Тағы да 1996 жылы Үндістанда диспетчер ағылшын тілін нашар меңгерген экипажбен байланыс орната алмай, Сауд Арабиясы мен Қазақстан ұшақтары соқтығысып, 349 адам көз жұмды. Бұл апат тарихта “Чаркхи-Дадри апаты” деген атаумен қалған. Алайда тек осы жағдайдан соң ICAO тілге деген талаптарын күшейткен. Қазіргі Хорватияда 1976 жылы орын алған Загреб апатының зардабы әлі күнге дейін ұмытылған жоқ. 176 адамның өмірін жалмаған бұл қайғы да диспетчердің өз қызметіне салғырт қарауымен тікелей байланысты. Бір адам - жүздеген тағдыр. Бір қателік - жүздеген өлім. Сондықтан Әуе диспетчері — қателесуге құқығы жоқ мамандықтардың бірі.

Басқа елді қайдам, біздің елде осындай апаттар ауыр құқық бұзушылық боп саналады. Салдарына қарай жазасы бар. Әсіресе, ҚР Қылмыстық кодексі, 344-бап

«Көлік құралдарын пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу» әуе диспетчерлеріне тікелей қолданылады. Егер соқтығыс болмаған, бірақ нақты қауіп төнген болса, іс қылмыс деп қаралмай, жай ғана қызметтік тексеріс, лицензиядан айыру, жұмыстан шеттету, әкімшілік жазамен шектелуі мүмкін. Тіпті баптардың өзі қаза тапқан адамдардың санына байланысты ҚК 344-баптың 2,3,4-бөлігімен қарастырылады. Сосын 3-7, 5-10, 8-15 жыл аралықтарына дейін бас бостандығынан айырып, сондай-ақ қызметтен өмір бойына шеттетіп, мүлкін тәркілеуі әбден мүмкін. 

Қылмыс деуге аузың бармайтын, бірақ қаншама адамның өмірін шорт кескен әрекетке қандай баға, қандай жаза дұрыс екенін де білмейді екенсің. Бастысы басымыз аман, бауырымыз бүтін болсыншы. Сапарға шыққан жақындарымыз аман оралып, жолымызда тек қана жақсы адамдар кезігіп, аман-есен үйімізге оралайықшы. Осыдан асқан сәттілік те, бақытта жоқ-ау, сірә…

Айжан Сыланова
Автордың басқа материалдары