Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүрген кезінде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Қаралы хабар тікелей эфир барысында белгілі болып, көпшілікке тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін сарбаздың денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде медициналық орталыққа жеткізілгені хабарланған еді. Түркияда ұзақ уақыт ем қабылдап, оңалту курсынан өткеннен кейін оның жағдайы біршама жақсарғаны айтылған. Алайда уақыт өте келе денсаулығы қайта сыр беріп, дәрігерлердің бақылауында болған.
Еске салсақ, Ербаян Мұхтар 2023 жылдың соңында әскери бөлімде ауыр бас ми жарақатын алып, комаға түскен болатын. Сол кезде әскери қызмет өкілдері оның әжетханада құлап қалғанын мәлімдеген. Алайда сарбаздың туыстары бұл нұсқамен келіспей, жарақаттың басқа жағдайда алынуы мүмкін екенін алға тартқан.
Кейін Алматыдағы ауруханада есін жиған Ербаян өзіне күш қолданылғанын ым-ишара арқылы жеткізгені туралы ақпарат тараған еді. Алайда кезекті күрделі операциядан кейін оның жағдайы қайта нашарлап, комаға түскен.
Сарбаздың тағдырына бейжай қарамаған қазақстандықтар оның шетелде ем алуына қолдау білдіріп, арнайы қаражат жинады. Нәтижесінде 220 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, Ербаян 2024 жылдың күзінде Түркияға оңалту және ем қабылдау үшін жіберілген болатын.
Өкінішке қарай, дәрігерлердің ұзақ уақыт жүргізген ем-домына қарамастан, Ербаян Мұхтардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Оның қайтыс болуы қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қазақстандықтар марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып жатыр.
Марқұмның өліміне байланысты мән-жайлар мен ресми ақпараттар алдағы уақытта құзырлы органдар тарапынан жариялануы мүмкін.