Жаңалықтар

"Асанәлі ағаны тағдырымен, мұң-қасіретімен қабылдаған адам": Танымал журналист жан сырын ақтарды (ФОТО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Асанәлі ағаны тағдырымен, мұң-қасіретімен қабылдаған адам": Танымал журналист жан сырын ақтарды (ФОТО)
ашық дереккөзден

Танымал журналист Әлия Құдайбергенова қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімовтің екінші жары Бағдат апайға қатысты көпшілік біле бермейтін ой-толғамымен бөлісті. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, марқұм актердің отбасындағы рухани бірлік пен сыйластыққа ерекше тоқталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Журналистің айтуынша, Бағдат апай Асанәлі Әшімовті тек өмірлік серік ретінде емес, оның тағдырымен, басынан өткен ауыр мұң-қасіретімен қоса қабылдай білген жан.

"Жалпы сезген, естігенді емес, көрген дүниеңді айту да парыз. Бәрін бірдей түгел білмесем де білетінім мынау: Бағдат апай Асанәлі ағаны тағдырымен, мұң-қасіретімен қабылдаған адам. Және ол кісі соңына дейін сол мақсатта қызмет етті, ағаға. Ұлы Олжас пен қызы Сағинаны да, Мәді мен Сағиынан қалған ұрпағынан туған немере, шөберелерін де жылылық сыйлап, өзінен туған ұлы Асанәлісінен (Асекасынан) кем көрген жоқ. Олардың бәрін өзімсінді. Ал марқұм Майра апайды үнемі "Майра әпке" деп, әруағын сыйлап, қадірледі.

Қит етсе бәрінің басын жиып, орталарындағы бауырмалдық пен сыйластығын нығайтты. Немерелерінен бөлек, әр шөбересі дүниеге келгенде елден сүйінші сұрап, құшағына басып, салты мен жоралғысын жасап жүрді. Әке мен баланың, ата мен немеренің арасындағы алтын көпір бола білді. Олар да Бағдат апайды жақсы көрді, құрметтеді. Әлі де солай. Бұл үлкен жауапкершілік. Дәл менің қолымнан келмес еді, мысалы…

Соның дәлелі, кеше… Асанәлі ағаны шығарып салғанда да Бағдат апайдың жанында Сағинасы тұрды қолынан ұстап, басу айтып, қосыла жылап. Немерелері, келіндері тұрды қаумалап. Жұрт танымаған соң мән бермеген шығар. “Ұлы мен қызын неге көрсетпеген?” дегенді оқып қап жатырмын, кешелі бері. Оны ешқашан жасырған емес. Бағдат апай әр сұқбатында (егер сұқбат алушы сұраса) ашық айтып жүрді. Жасыратын несі бар, оның?!

Бүкіл әулеті апайды қадірлейді (менің көргенім осы). Өйткені ол кісі ағаның қасіретін сол ұрпағының, ағайын-туысының ауызбіршілігімен көмкеріп, ол кісіні сәт сайын қуантқысы келді деп ойлаймын. Жүрегіне тағы да мұң артқанын қаламады. Сөз басында “мұң-қасіретімен қабылдады” дегенім осы еді. Сондықтан көз жетпеген нәрсені сөз етудің де қажеті жоқ шығар?! Апайға кешегі өткен 800 адам жиналған аста сөз берілді. Есімде қалғаны (дәл сөзбе сөз болмауы мүмкін): “…Аске, рухың шат болсын. Әшімевтер әулетіне әлі де қызмет ете беремін” деді. Бұл оңай сөз емес", – деп жазды Әлия Құдайбергенова.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz