Әлеуметтік желіде блогер Ұлдана Жиенқұл қазақ киносының аңызы Асанәлі Әшімов туралы даулы пікір білдіріп, қоғамның наразылығын тудырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Блогер өз жазбасында "Қыз Жібек" фильмінде Бекежан бейнесін сомдаған актердің "баласыз қалуын" халық қарғысымен байланыстырған. Ол бұл ойды актердің жеке сөздеріне сүйенгендей етіп жеткізіп, қазақ арасында айтылатын "тұқымыңмен бірге құрып кет" деген қарғыс тіркесін мысал ретінде келтірген.
Алайда бұл пікір желі қолданушыларының ашу-ызасын туғызды. Көпшілік блогердің сөзін орынсыз, әдепке жат әрі шектен шыққан мәлімдеме деп бағалап, қатаң сынға алды.
Пікір қалдырғандар арасында:
"Көргенсіздік! Мұндай сөзге заңмен шара қолдану керек", "Қасиетті тұлғаның өмірін талдайтындай бұл кім өзі?", "Бұл – кино рөлі ғана, шын өмірмен шатастырмау керек", "Асанәлі Әшімовтің Олжас есімді ұлы бар, Сағидың да ұрпағы бар. Демек, тұқымы үзілген жоқ", – деген пікірлер жиі кездесті.
Желі қолданушылары елге еңбегі сіңген аңыз тұлғаға қатысты мұндай ауыр сөз айту қоғамдық жауапкершілікке қайшы екенін атап өтіп, блогерлер айтқан әрбір сөзі үшін моральдық әрі азаматтық жауапкершілік алуы тиіс екенін ескертті.