Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрт адамның өліміне қатысты істі қарап, айыпталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Сот мәліметінше, қайғылы оқиға 2026 жылдың наурыз айында Аршалы ауданында болған. Айыпталушы анасының үйінде жиенімен ұялы телефонның бұзылуына байланысты жанжалдасқан. Осыдан кейін жиені полиция шақырған. Алайда жанжал басылған соң, күдіктінің анасы тәртіп сақшыларынан ұлына қатысты ешқандай шара қолданбауды сұраған.
Полиция қызметкерлері кеткеннен кейін ер адам ашуға булығып, ас үйдегі балта-пышақпен үйде болған адамдарға шабуыл жасаған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі зейнеткер оқиға орнында қаза тапқан.
Сотта анықталғандай, айыпталушы бұрын да сотталған. 2022 жылы оған психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем тағайындалған. Ал 2023 жылдан бері «параноидты шизофрения» диагнозымен психиатрдың есебінде тұрған.
Сот-психиатриялық сараптама оның қылмыс жасалған кезде созылмалы психикалық дертінің салдарынан өз әрекетінің мәнін түсіне алмағанын және оны басқара алмағанын көрсетті. Сондай-ақ ол тергеуге қатысуға және сот алдында жауап беруге қабілетсіз деп танылған.
"Осыған байланысты сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатып, оны қарқынды бақылауы бар мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады", - делінген сот хабарламасында.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.