KZNews.kz
Сараптама

Арнайы экономикалық аймақтар: Президентті алаңдатқан мәселені Үкімет реттей ала ма?

Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына сын айтты. 

"Мен Жолдауда арнайы экономикалық аймақтардың әлеуетін толық пайдалану қажеттігі туралы айттым. Қытайда және Вьетнамда мұндай аймақтар экономиканың қозғаушы күші саналады. Ал біздің елдегі арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігі әлі күнге дейін төмен. Бұл мекемелер экономиканың құрылымын өзгертуге қауқарсыз" деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Жалпы, Тоқаев атқарушы биліктің жұмысына қатысты үнемі сындарлы көзқарас ұстанатыны белгілі. Кейбір жағдайда Үкімет қабылдауы тиіс шараларға Президент тікелей араласып, мәселенің шешімін табуына дейін назарында ұстайды. Көп жағдайда әлеуметтік-экономикалық сектордың көзге көрінетін проблемаларын түбегейлі шешуге атқарушы биліктің ерік-жігері жетпейтін сияқты көрінеді. Демек, Үкімет экономикалық даму тетіктеріне тікелей немесе жанама түрде ықпал етуші басқа күштердің алдында қауқарсыздық танытатынын байқатып отырғандай. Тек, бұл басқа тақырыптың әңгімесі.

Ал Президент сынаған арнайы экономикалық аймақтардың ел дамуына қосып отырған үлесі қаншалықты? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: "Ширек ғасырға жуық уақыттан бері арнайы экономикалық аймақтардың ішкі жалпы өнімге қосқан үлесі 1 пайыздан сәл ғана асады. Оның 0,3 пайызы экспортқа, 0,9 пайызы шетел инвестициясына тиесілі" деп айтты. Демек, бұл бағытта алаңдатарлық ахуал қалыптасты деуге болады.

Дерекке қарасақ, қазір ел аумағында 16 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеуде. 2024 жылдың статистикалық мәліметтеріне көз жүгіртсек, АЭА аумағында 26 жаңа жоба іске қосылыпты. Сол кезеңде тартылған инвестиция көлемі 680,2 млрд теңгеге жетіп, 3 535 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал өндірілген өнім көлемінің құны 2,35 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде экспорт үлесі 192,9 млрд теңге шамасында болыпты. Және бұл қаржы қозғалысынан мемлекеттік бюджетке 129,7 млрд теңге салық түскені айтылады. Басын ашып алайық, бұл арнайы экономикалық аймақтардың бір жыл ішіндегі нақты экономикалық көрсеткіші. Бірақ, жалпы экономикалық көрсеткіштердің талабымен қарағанда жоғарғыдағы цифрлар орташа деңгейге әзер жетіп отыр екен.

Әсіресе, инвестиция мен нәтиженің арақатынасы алшақ-мыс. Мысалы, 2024 жылы тартылған 680 млрд теңгеге жуық инвестиция нәтижесінде өндіріс көлемі 2,35 трлн теңгеге жетті деген дерек бар. Яғни, бір жылдағы инвестициялық өнімнің мультипликаторы шамамен 3,4 есені құраған. Бұл көрсеткіш кейбір өңірдегі индустриялық аймақтар үшін жоғары деп есептелгенімен, классикалық экспортқа бағытталған индустриялық қадаммен салыстырғанда әлі де орташа деңгейде.

Екіншіден, арнайы экономикалық аймақтардағы жаңа жұмыс орындарын құрудың құны қымбатқа түсіп отыр. Кейбір өңірде Үкімет пен жергілікті жер деңгейіндегі артықшылықтар мен жеңілдіктерге қарамастан АЭА аумағындағы жұмыспен қамту облыс әкімдіктері жүзеге асырған жобаларға қарағанда төмен нәтиже көрсеткен.

2024 жылғы дерекке сүйенсек, арнайы экономикалық аймақтарда 1 жұмыс орнын құруға шамамен 192 млн теңге инвестиция жұмсалған. Бұл цифр ауыр өнеркәсіп пен химия саласы үшін қалыпты болып саналғанымен, жеңіл өнеркәсіп пен өңдеу секторында өте қымбат деп бағаланады екен. Ал елдегі АЭА индустриясы негізінен жеңіл өнеркәсіп бағытында.

Демек, арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы жұмыс орындары еңбек нарығындағы ілгерлеушілік пен өндіріс динамикасын арттыруға емес, қомақты ақшаны игеру мақсатына көбірек ден қоятын сияқты. Әрине, мұндай аумақтарда жалақы жоғары болуы мүмкін, бірақ, ол шектеулі жұмыс күшін ғана қамтиды. Есесіне, жұмыс беруші АЭА резиденті ретінде салық жеңілдіктері мен ерекше режимдерді пайдаланады.

Үшіншіден, АЭА негізгі функционалдық міндеттерді толық атқармай отыр деуге болады. Өйткені, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтардың негізгі мақсаты отандық экономикадағы экспорттың үлесін арттыру болатын. Өкінішке қарай, мәлім болған деректерге қарасақ, олай деп айту қиын.

Қараңыз, 2024 жылы АЭА аумағындағы өндірілген өнім құны 2,35 трлн теңге дедік. Оның ішіндегі экспорт бағасы 192,9 млрд теңге шамасында. Ал жалпы экспорттың өндірістік үлесі 8,2 пайызы ғана екен. Демек, АЭА аумағындағы өндірістердің басым бөлігі ішкі нарыққа жұмыс істеп отыр деген сөз. Ал экспортқа бағытталған жобалар әлі де аз.

Бұл жерде АЭА мегажобаларының бастапқы бағытынан айнып, жергілікті жерді дайын өніммен қамтумен айналысып кеткенін көреміз. Ал арнайы экономикалық аймақтар туралы заңда ерекше жеңілдіктерге ие болу үшін мұндағы өндіріс ошағы экспорт драйвері болу талабына толық жауап беруге тиіс болатын. Әрине, дайын өнімнің ішкі нарыққа жеткізілуі ел үшін тиімді де. Бірақ, дәл сондай жеңіл өнеркәсіп өнімін шағын және орта бизнес секторы да нарыққа шығарып отырғанын ұмытпауымыз керек. Яғни, орасан инвестиция тартылып, тиісті салық жеңілдіктері берілген АЭО өз міндетін толық орындалып отырған жоқ. Кей жағдайда олар шағын және орта бизнес секторының нанын тартып алып отырғандай сипатқа ие болуда.

Айтпақшы, АЭА қатысушыларына корпоративтік табыс салығы, жер және мүлік салығы және ҚҚС бойынша жеңілдіктер беріледі.

Тағы да Тоқаевтың сөзіне жүгінейік: 

- Арнайы экономикалық аймақтардың қазіргі жұмыс тәсілі мүлде жарамсыз деуге болады. Олар инвестиция тартатын алаң болуға тиіс. Жаңа нормалар, құралдар, сервистік шешімдер сол жерде сынақтан өтіп, одан әрі кең таралуы қажет, - деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Яғни, енді арнайы экономикалық аймақтарға қатысты мемлекеттің ұстанымы өзгеретіні анық. Белгілі болғандай, АЭА инфрақұрылымын дамытуға алдағы үш жыл ішінде бір триллион теңге займ қаражатын жұмсау ұсынылып отыр екен. Ал оған дейін арнайы экономикалық аймақтардың функционалдық міндеттерін қайта қарап, даму моделіне өзгеріс енгізу қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Президент те бұл туралы "...онсыз мұндай ауқымды инвестиция жүйедегі қордаланған мәселелерді шеше алмайды" деді.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →