Әнші Индира Елемес 2023 жылы "Шешімі бар" бағдарламасында композитор Арман Дүйсенов туралы айтқан естелігін бөліскен болатын. Сол сұхбаты жақында желіде қайта тарап, көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Бағдарлама барысында Индира продюсермен соңғы рет дүйсенбі күні ұзақ сөйлескенін айтады. Оның сөзінше, Арман Дүйсенов сол кезде көңілді, шабытты, алдағы жоспарларына дайын болған.
"Арман аға сейсенбі күні өмірден өтті. Біз дүйсенбі кешке ұзақ әңгімелестік. Өте қуанышты еді. Бейсенбіде Стамбұлға жұмыс сапарымен және денсаулығын тексерту үшін ұшуы керек болатын", – деді әнші.
Индираның айтуынша, композитор Жаңа жылды отбасымен қарсы алып, ерекше бақытты кезеңді бастан кешкенін сүйсіне әңгімелеген.
"Өмірімдегі ең бақытты сәттер болды. Абзалтайымның еркелегенін көрсең ғой. Өмірде жеңіске жеттім деп ойлаймын. Балам Абылайым мықты болып өсіп келеді, менің орнымды басуға дайын", – деп Арман ағасы ерекше көңіл күймен бөліскен көрінеді.
Сонымен қатар ол соңғы кездері ұзақ уақыт күйзелісте жүргенін, бірақ алдағы жоспарларына тыңғылықты дайындалғанын айтқан.
Индира Елемес Арман Дүйсеновпен ортақ шығармашылық жобалары көп болғанын, Стамбұлда 22 наурызда үлкен концерт өткізу жоспарланғанын айтты.
Алайда әншінің ең көп талқыға түскен сөзі – композитордың өз күйеуімен сырлас болғаны туралы мәлімдемесі.
"Арман ағаның өте үлкен реніші болды. Достық туралы көп ән жазды. Не себеп болғанын білмеймін. Сол ренішті күйеуіме айтып, екеуі кабинетте екі-үш сағаттап сөйлесетін", – деді Индира.