Журналист Гүлбану Әбенова әлеуметтік желіде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаровтың білім жолына қатысты жазба жариялап, оның бұрынғы курстастарынан пікір күтетінін мәлімдеді.
Журналистің дерегінше, Ардақ Назаров 2011 жылы, 31 жасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұдан бөлек, ашық дереккөздерде оның Қазақ көлік және коммуникациялар университетін «Экономика» мамандығы бойынша бітіргені жазылғанымен, нақты оқу жылы көрсетілмеген.
Сондай-ақ 2014 жылы, 34 жасында Назаров Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене мәдениеті және спорт» мамандығы бойынша аяқтағаны Парламент сайтында көрсетілген.
Гүлбану Әбенованың айтуынша, Уикипедиядағы Ардақ Назаровтың өмірбаянындағы білімге қатысты абзац кеше ғана бар болып, бүгін жойылып кеткен. Қазір онлайн энциклопедиядағы деректер бірден спорттық жетістіктерінен басталады.
– Мені еліміздің түкпір-түкпірінен көп адам оқиды. Кеше ғана Назаров жайлы жазған жазбамды 17,6 мың адам көрді. Менің өтінішім: осы аталған үш университеттің бірінде Назаровпен бірге оқығандар болса, өтініш, жазыңыздар, – деп жазды журналист.
Әбенова сонымен бірге осыған дейін Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Көкше» академиясындағы студенттік жылдарына қатысты да ешкімнен пікір келмегенін атап өтті.