Қызылорда облысының Арал ауданында түнгі патруль кезінде полицейлер Toyota Land Cruiser көлігін тоқтатып, оның тізгінінде 6 жастағы баланың отырғанын анықтады, деп хабарлайды kznews.kz.
Тексеру барысында жол талғамайтын көліктің баланың әкесіне тиесілі екені белгілі болған. Полицейлер көлікті дер кезінде тоқтатып, жолдағы ықтимал қауіптің алдын алған.
Оқиғаға байланысты баланың заңды өкіліне екі әкімшілік хаттама толтырылды. Оның бірі баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамауға қатысты болса, екіншісі кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты рәсімделген.
Жиналған материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен баланың әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.