Астанада өткен Kazakhstan Prevention Days 2026 көрмесінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған 60-қа жуық жоба таныстырылды. Іс-шараға қатысқан «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтардың рөліне назар аударды.
17 қазанда ұйымдастырылған көрме мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес өкілдері мен белсенді азаматтардың басын қосты. Іс-шараның басты тақырыбы «Заң мен Тәртіп» қағидаты болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Көрме аясында «Жаңа адамдар» белсенділері қатысушылармен заңды сақтау, қоғамдық тәртіп және азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылады. Олар тұрғындар мен түрлі ұйым өкілдерінің қауіпсіз қоғам қалыптастыруға әр адам қалай үлес қоса алатыны жөніндегі пікірлерін тыңдады.

«124» мини-қозғалысының көшбасшысы Алмат Қуаныш балаларды қорғау және олардың дамуына қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
«Мәселелердің барлығы бізге қатысты, ал біздің жасап жатқан кез келген іс-әрекетіміз еліміздің бүгіні мен ертеңін қалыптастырады», – деді Алмат Қуаныш.
Қозғалыс өкілдері қоғамдық қауіпсіздік әр адамның заңға және айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасынан басталатынына назар аударды. Олардың айтуынша, күнделікті әрекетке жауапкершілікпен қарау мен қоғамдық тәртіпке бейжай қарамау – қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызды шарты.