Жаңа жылдан бастап ел аумағындағы бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскелері ақылы болады.
Атап айтқанда, Қарағанды – Балқаш арасындағы 363 шақырымдық жол, Бурылбайтал – Күрті бағытындағы 228 шақырым қашықтық, Ақтөбе – Қандыағаш аралығындағы 96 шақырым, Талдықорған – Өскемен бағытындағы 768 шақырым жол, Атырау – Астрахань арасын жалғайтын 277 шақырым аумақ және Мерке – Шу елді мекендерін жалғайтын 78 шақырым толықтай ақылы қызмет көрсетпек.
- Бұл шешім жол инфрақұрылымын жаңғыртуға кеткен шығындарды өтеу, жол сапасын тұрақты ұстап тұру және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайту мақсатында қабылданып отыр, - дейді Көлік министрлігінің өкілдері.
Яғни, ақылы болатын жол учаскелері ел ішіндегі және халықаралық транзит үшін маңызды бағыт саналады. Бұл бағыттарда жүк және жолаушы тасымалы жоғары, сондықтан оларды күтіп-ұстау қомақты қаражатты талап етеді-мыс.
Ал жолға төлейтін ақы қандай мөлшерде белгіленеді?
Рас, баға өсуі мүмкін. Өйткені, Көлік министрлігі 2026 жылы тарифтерді қайта қарау жоспарланып отырғанын жоққа шығармайды. Яғни тарифтердің өсуі жолдың санатына, ұзақтығына және көлік түріне байланысты белгіленеді.
Болжам бойынша, жаңа жылдан бастап ақылы жолдардағы төлем тарифі төмендегідей болуы мүмкін:
Жеңіл автокөліктер үшін – 1–3 теңге/км;
Микроавтобус пен шағын жүк көліктері үшін – 5–10 теңге/км;
Ауыр жүк көліктері үшін – 15–25 теңге/км.
Мысалы, Қарағанды – Балқаш бағытындағы жолдың ұзақтығы 363 шақырым болса, осы аралықты жеңіл көлікпен жүру өту құны шамамен 700–1 000 теңге аралығында болып белгіленуі мүмкін. Айтпақшы, ел аумағындағы барлық ақылы жол жүйесінде әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тиімді тетіктер қарастырылыпты. Ол бойынша жолда жиі жүретін жүргізушілердің айлық немесе жылдық абонементтер алуына, жергілікті тұрғындар мен такси жүргізушілеріне арналған жеңілдетілген тарифтер қолдануға және бір бағытта тұрақты қатынайтын көліктерге арналған арнайы төлем пакеттері қарастырылған. Яғни, арнайы жүргізушілер абонемент қолданған жағдайда жол ақысы 30–50 пайызға дейін арзандайды екен.