Ақтөбе гарнизонының әскери соты әскери қызмет барысында өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталған сержантқа қатысты үкім шығарды. Сот оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 451-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, сержант мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға жауапты бола тұра, олардың біріне күш қолданып, денсаулығына орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтірген. Тергеу бұл әрекетті әскери лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану ретінде бағалаған.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, өзін толық ақтауды және тек сот шығындарын ғана өндіруді сұрады. Алайда сот оның кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындысымен, жәбірленуші мен куәлардың, сондай-ақ сарапшының жауаптарымен толық дәлелденгенін атап өтті.
Нәтижесінде сот сержантты кінәлі деп танып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына 700 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы және 900 мың теңге сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарылды.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.