Ақтөбе қаласында орналасқан автогаз құю станциясында болған жантүршігерлік өрт салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 20 маусымға қараған түні Бөгенбай батыр көшесіндегі газ құю бекетінде тіркелді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанармай құю үшін бекет аумағына кірген жеңіл автокөлік кенеттен өртенген. Өрт қысқа уақыт ішінде күшейіп, көлік жарылып кеткен. Жалынның қатты болғаны соншалық, көлік ішіндегі адамдарды құтқару мүмкін болмаған.
Төтенше жағдайлар қызметі оқиға орнына жедел жетіп, өртті сөндіргенімен, адам шығынын болдырмау мүмкін болмады. Автокөлік ішінде болған үш адам, оның ішінде екі кәмелетке толмаған жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір зардап шегуші түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жатқызылды.
Өртті сөндіруге облыстық ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері мен 10-нан астам техника жұмылдырылған.
- Құтқарушылар жалынның жақын маңдағы тұрғын үйлер мен өзге де нысандарға таралуына жол бермеді. Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр, - деп хабарлайды құзырлы органдар.
Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Айтпақшы, бұл жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы жанармай және газ құю бекеттерінде тіркелген үшінші ірі төтенше жағдай болып отыр.