Ақтөбе облысында мемлекеттік тұрғын үйді таныстары мен туыстарына заңсыз үлестірген бұрынғы шенеунік 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақтөбе облыстық прокуратурасының мәліметінше, заңсыздықтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер беру тәртібін тексеру кезінде анықталған. Тергеу барысында Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, кезекте тұрмаған адамдарға пәтер алып беруді ұйымдастырғаны белгілі болды.
Прокурорлардың дерегінше, заңсыз жолмен тізімге 15 адам енгізілген. Олардың арасында шенеуніктің туысы да бар. Алғашында бұл азаматтарға тұруға жарамсыз баспаналар берілгенімен, кейін тұрғын үй комиссиясының заңсыз шешімдері арқылы олар қысқа мерзім ішінде жайлы, абаттандырылған пәтерлерге ауыстырылып отырған.
Кейіннен аталған пәтерлер жекешелендіріліп, сатылған. Қадағалаушы орган мұндай әрекеттердің пайдакүнемдік мақсатта жасалғанын атап өтеді.
Сот үкімімен Жандос Әлімов 6 жылға бас бостандығынан айырылды.