Ақтауда бір аптадан астам уақыт бойы хабарсыз кеткен 38 жастағы жергілікті тұрғын Андрей Сотниченко табылды. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің қызметкерлері Lada.kz басылымына мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, жоғалған азаматты 4 наурызға қараған түні, шамамен сағат 02:00-де полиция қызметкері, майор Бауыржан Айбеков Маңғыстау ауданына қарасты Жармыш ауылынан тапқан. Ер адамның жағдайы жақсы, денсаулығына еш қауіп жоқ. Белгілі болғандай, ол ауылға жұмыс істеу үшін кеткен. Қазіргі уақытта Андрей Сотниченко Ақтау қаласына қайтып келе жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда 38 жастағы тұрғынның жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған болатын. Оның ұзақ уақыт бойы көрінбей кеткенін алғаш болып көршілері байқаған. Осыдан кейін олар құтқарушылар мен полицияға хабар берген.
Таныстарының айтуынша, Андрей Сотниченко Ақтаудағы 12-шағынауданда жалғыз тұрады. Көршілері оны шамамен бір апта бойы көрмегенін айтып, пәтерінің терезелері айқара ашық тұрғанына алаңдаған.
«Әдетте ол дүкенге барып жүргенде немесе үйіне адамдар келгенде көрінетін. Ал бұл жолы бір аптадан астам уақыт бойы мүлде тыныш болды. Терезелері екі жағынан да ашық тұрды, біреу қысқа уақытқа шығып кеткендей әсер қалдырды. Оның бұл қалада жақын туыстары жоқ. Әпкесі Ресейдің Астрахань қаласында тұрады, ол да қатты алаңдап отырған», – деді таныстарының бірі.