Астана қалалық мәслихатының депутаты Талғат Ерғалиев елордадағы қылмыс деңгейі туралы жақында айтқан мәлімдемесі үшін кешірім сұрады. Ол қаладағы қылмыс деректері туралы мысал айтып жатқанда әкім сөзін бөліп, мұндай тексерілмеген ақпаратты айтпаңыз деп ескерткен болатын, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутат өзінің Instagram парақшасында бұрын айтқан ақпаратының шындыққа сәйкес келмейтінін жазды.
"Өкінішке қарай, бұл ақпарат көмекшім тарапынан құзырлы органдарға жүгінбей дайындалған. Ішкі істер министрлігінің ресми деректері Астананың қылмыс деңгейі төмен, қауіпсіздігі жоғары қала екенін көрсетеді", – деп жазды Талғат Ерғалиев.
Ол мәслихат сессиясында жасаған депутаттық сауалының мақсаты "өзі депутат болып табылатын 16-округ тұрғындарының өмір сүру жағдайы мен инфрақұрылымын жақсарту" болғанын қосты.
"Мәслихат депутаты ретінде елорда әкімдігімен және полиция департаментімен бірлесіп, ішкі істер органдарының инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық жабдықталуын жақсарту, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру және полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру бағытындағы жұмысты жалғастырамыз", – деді депутат.
Еске салсақ, бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаладағы қылмыс деңгейі туралы айтқан депутаттың сөзін кесіп тастағаны туралы хабарлаған едік.