Жаңалықтар

Аптаның кинопремьералары: Қазақстан кинотеатрларынан не көруге болады

Torgyn Abushakhman Torgyn Abushakhman
Аптаның кинопремьералары: Қазақстан кинотеатрларынан не көруге болады

Бұл апта көрермендерді қызықты премьералармен қуантты. Алдағы күндері қандай фильмдер көруге тұрарлық екенін білу үшін Kazinform тілшісінің материалын оқыңыз.

Аватар: От пен күл

Джеймс Кэмерон бұл жолы да көрермендеріне ерекше эмоция сыйламақ. 194 минутқа созылатын аңызға айналған фильмді қазақ тілінде де көре аласыздар. «Аватар: От пен күл» фильмі сіздерді Пандораға алып барады, онда бұрынғы теңіз жаяу әскерінің нави көсемі Джейк Салли, нави жауынгері Нейтири және Саллидің отбасымен бірге қызықты жаңа оқиға болады.

Ёлки 12

Нағыз жаңа жылдық атмосфераны сезінгіңіз келсе, ресейлік комедияға барыңыз.

Жаңа жыл қарсаңында Киров қаласынан шыққан тоғыз жастағы Ваня ата-анасының ажырасқанын естиді. Ол ғажайып тілегін Аяз атаға айту үшін Ұлы Устюгке жол тартады. Ал онда қандай қызықтарға тап болатынын кинотеатрдан тамашалаңыз.

Ассасин: Ажал майданы

Қытайлық режиссер Лу Ян ұсынған фантастикалық фильм бейсенбі күнінен бері көрермен назарында. Экшн жанрындағы туындыларды ұнатсаңыз, 2 сағат 14 минут уақытыңызды арнап «Ассасин: Ажал майданы» фильміне келуіңізге болады.

Танымал фэнтези-романның авторы өз даңқынан айырылып, көлеңкеде қалды. Оның атағын алаяқ біреу иемденіп кеткен. Ал осы кезде кітаптағы өлім мен қирау құдайы Рэдмейн тіріліп, өлтірген жауынгерлердің қабілетін бойына сіңіріп, күшейе береді. Ол шынайы әлемге өтіп кетеді. Әлемді жойылудан құтқару тек автор мен оның кейіпкерлерінің қолында.

Құбыжықты аулау

Егер сізге хоррор жанры ұнаса, бұл фильм сізге 1 сағат 47 минут адреналин сыйлауға әзір.

Он жасар Аврора отбасын жұтып қойған құбыжықты өлтіру үшін жұмбақ көршісінен көмек сұрайды. Ер адам қыздың ата-анасы өзін өлтірмек болған қылмыскерлердің құрбаны болды деп ойлап, өзін кінәлі сезінеді де, құбыжықты жоюға келіседі.

Мәңгілік

Фантастика, драма, мелодрама мен комедия біріккен АҚШ-тық туынды 1 сағат 54 минут уақытыңызды алады. Режиссері – Дэвид Фрейн.

Джоан қайтыс болғаннан кейін оның жаны о дүниеге түседі. Оған қиын таңдау жасауға тура келеді. Джоанның мәңгілігін кіммен қалатынын және өмірін қай жерде өткізетінін шешуге бір апта уақыты бар. Джоан жастай қайтыс болған алғашқы махаббаты мен өмірінің басым бөлігін бірге өткізіп, отбасын құрған екінші күйеуінің арасында таңдау жасайды.

Фэкхем-Холл

Ұлыбританиялық комедия 18 жастан асқан көрермендерге арналған. Режиссерлері – Джим О’Хенлон мен Гордон Сид. Фильмнің ұзақтығы – 1 сағат 37 минут.

1931 жыл, Англия. Ұсақ алаяқтықпен айналысатын Эрик Нун бай ағылшын Дэвенпорт әулетінің үйіне қызметші болып жұмысқа тұрады. Солай үй иесінің қызы Роузға бірден ғашық болады. Оның бейқам өмірі күтпеген кісі өлімінен кейін күрт өзгереді. Себебі Эрик басты күдіктіге айналған еді. Енді ол өз басын арашалап қалу үшін нағыз қылмыскерді әшкерелеп қана қоймай, Роуздың жүрегіне таластағы қарсыласын да айламен жеңуі тиіс.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz