«Бала Жамбыл» атымен танылған ақын жігіт журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында соңғы жылдары көпшілік назарынан алыстауының себебін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Ақынның сөзінше, 2020 жылы жалғыз әпкесінен айырылуы оның өмірін түбегейлі өзгерткен.
«Мойныма таққан тұмарымдай болған жалғыз әпкемнен айырылып қалдым. Осы жағдайдан кейін өзімді тастап жібердім. Жұмыстан шығып кеттім. Тек үйде жатып, жылай беретінмін», – деді ол.
Бауыржанның айтуынша, бұл қайғыдан кейін әлеуметтік желіден де, шығармашылықтан да алыстап кеткен. Оның үстіне, әпкесінің қазасы анасының денсаулығына ауыр әсер етіп, төсекке таңылып қалған.
«Өмірден көңілім қалып, күдер үзген сәт болды. Бірақ олай болмайтынын түсіндім. Тек өзімді ойлап кетіп қалсам, әулетім жылап қалады», – деп ағынан жарылды ақын.
Ол өмірге қайта оралуына анасының алдындағы жауапкершілік пен отбасына деген парызы себеп болғанын атап өтті.