Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіповтің жұбайы ауыр халде ауруханаға түскеннен кейін оның сіңлісі әлеуметтік желіде жазба жариялап, спортшыны әпкесін ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыратты деп айыптады, деп хабарлайды kznews.kz.
Жәбірленушінің сіңлісінің айтуынша, әпкесі 29 маусымнан 30 маусымға қараған түні немесе 1 шілдеде күйеуінен ауыр соққы көріп, ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.
"Медициналық құжаттарда асфиксия, бастың ашық жарақаты, құрысу және бас миының ісінуі тіркелген. Ол ауруханаға ес-түссіз түсті", – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол тергеудің әділ өтуіне алаңдаушылық білдіріп, спортшы ұсталғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң босатылғанын мәлімдеді.
"Біздің отбасымыз тергеудің қалай жүріп жатқанына қатты алаңдайды. Адвокатпен кеңестік. Оның пікірінше, жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескерсек, бұл оқиға адам өлтіруге оқталу ретінде бағалануы мүмкін", – деді жәбірленушінің сіңлісі.
Ол бұған дейін де әпкесінің тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып, шамамен бес жыл бұрын Теміртас Жүсіповтің оны мойнынан есікке қысып тұрғанына куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ спортшының балаларға ықпал етіп, әйеліне қысым көрсетіп жатқанын алға тартты.
Ақмола облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
"30 маусым күні Көкшетау қаласының тұрғыны отбасылық жанжал барысында жұбайына дене жарақатын салған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, оның қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", – деп мәлімдеді полиция.