Түркияның Анталья провинциясындағы Серик ауданында болған жантүршігерлік жол апатынан 27 жастағы қазақстандық Құбат Аманбеков көз жұмды, деп хабарлайды kznews.kz.
Қайғылы оқиға 11 мамырға қараған түні, шамамен сағат 03:00-де Белек курорттық аймағына апаратын тас жолда болған. Алдын ала мәлімет бойынша, велосипедпен келе жатқан қазақстандық азаматты «A.C.» есімді жүргізуші тізгіндеген такси қағып кеткен.
Соққының күшімен Құбат Аманбеков жол шетіне ұшып түсіп, ауыр жарақат алған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері оның сол жерде көз жұмғанын анықтады.
Марқұмның Антальядағы бесжұлдызды қонақүйлердің бірінде бармен болып жұмыс істегені белгілі болды. Оның денесі сараптама жүргізу үшін сот-медициналық мекеменің мәйітханасына жеткізілген.
Ал такси жүргізушісі полиция бөлімшесіне жеткізіліп, тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта Түркия құқық қорғау органдары жол апатының нақты себептерін анықтап жатыр. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де бұл істі бақылауға алғаны хабарланды.