KZNews.kz
Шоу-бизнес

Әнші Jah Khalib отбасылық жағдайына байланысты Қазақстандағы концерттік турын кейінге шегерді

Torgyn Abushakhman

Белгілі әнші Қазақстанда өтеді деп жоспарланған концерттік турын кейінге шегеретінін мәлімдеді. Бұған себеп – отбасындағы қиын жағдай: жаңа туған қызы ауыр халде жатыр.

Әншінің айтуынша, сәбиіне шұғыл операция жасалған, қазіргі уақытта оның жағдайы аса ауыр. Осындай қиын кезеңде өнер иесі сахнаға шығуға моральдық тұрғыда дайын емес екенін жеткізді.

«Қанша тырыссам да, сахнаға шығуға шама таппадым. Қазір менің басты міндетім – отбасымның жанында болып, қолдау көрсету. Жұбайым да ерекше қолдауға зәру. Сондықтан турды кейінге шегеруге мәжбүрмін. Егер күте алсаңыздар – алдағы уақытта қайта жолығамыз», – деді ол өз үндеуінде.

Әнші сонымен қатар тыңдармандарынан түсіністік пен қолдау сұрап, барлық жанашыр жандарды қыздарының сауығып кетуін тілеп, шын жүректен дұға жасауға шақырды.

Алдын ала жоспарланған концерттердің бір бөлігі кейінгі мерзімге ауыстырылуы мүмкін, ал кейбірі толықтай тоқтатылуы ықтимал. Билеттерді қайтару немесе жаңа күнге ауыстыру тәртібі туралы толық ақпарат кейінірек жарияланатын болады.

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары