Үндістанда тұрмыстағы әйел мен оның көңілдесі алты жастағы баласын қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметінше, олар жеткіншектің басын су толы шелекке батырып ұстап тұрған, кейін оның қайтыс болғанына көз жеткізу үшін денесін еденге лақтырған. Полицияның айтуынша, бұл қылмысқа олар баланың қарым-қатынасына кедергі келтіргені үшін барған, кейін оқиғаны жүрек талмасы ретінде көрсетпек болған, деп хабарлайды kznews.kz NDTV арнасына сілтеме жасап.
Ресми деректерге сүйенсек, Пуна округіндегі Кхед аймағының тұрғыны, 27 жастағы Бассиран Мехбуб Шейх күйеуі Махбубпен 10 жыл бірге тұрғаннан кейін ажырасып, оның досы Рам Винаяк Каджевадпен қарым-қатынаста болған.
Махбуб пен Бассиранның үш баласы бар. Екеуі әкесімен бірге тұрса, алты жастағы ұлы Аэвез анасының қарауында болған.
«Рам мен Бассиран Аэвезді өздерінің қарым-қатынасына кедергі деп санап, оны өлтіруге шешім қабылдаған. Қылмыс 4 сәуір күні шамамен сағат 23:30-да жасалған», — деді шенеунік.
Оқиғадан кейін Бассиран баланың денесін Бид қаласындағы ата-анасының үйіне апарып, туыстарына оның жүрек талмасынан қайтыс болғанын айтқан. Алайда жерлеу рәсіміне келген баланың атасы оның денесінен зорлық белгілерін байқап, полицияға арыз түсірген.
Сот-медициналық сараптама баланың қасақана өлтірілгенін растады. Қазіргі уақытта Бассиран қамауға алынды, ал оның сыбайласы Каджевад құқық қорғау органдарынан жасырынып жүр. Тергеу амалдары жалғасуда.