Dequine лақап атымен танымал қазақстандық әнші Данеля Садықова “TheЭфир”-ге берген сұхбатында қазақ тілін қалай үйренгенін айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әншінің айтуынша, өзі оқыған мектепте барлығы қазақ тілінде сөйлегендіктен, ол да ана тілін үйренуге мәжбүр болған.
“Мен Қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Ол жерге түскен кезде қазақ тілін мүлде білмейтінмін, түсінгеніммен, сөйлей алмайтынмын. Әкімшілік қызметкерлерінің бәрі менімен қазақша сөйлегеннен кейін тілді үйренуден басқа амалым қалмады. Бір жолын тауып меңгердім, бірақ таңдау болса, адамдармен қазақша сөйлеспеймін. Маған орыс тілінде сөйлесу әлдеқайда оңай”, – деді ол.
Өнер иесі тағы бір бағдарламада әріптесінің “Қазақша түсінесің бе?” деген сұрағына “Мен Қазақ-түрік лицейінде оқыдым, қазақ тілін түсінуіме тура келді” деп жауап береді.
Әншінің бұл сөздеріне қазақстандықтардың шамына тиді. Олар Threads-желісінде түрлі пікір қалдырып, жазба жариялап жатыр.
“Бұл Dequine. Бұл ақылсыз өзін қалай феминис санайды? Екіжүзді немене. Қазақ тілін түсінуге тура келіпті”, – деп жазған бір қолданушы.
“Мен шок болып отырмын! Қазақ тіліне деген көзқарасыңызға таңғалып отырмын! Ана тіліңіз туралы сондай менсінбеушілікпен сөйлейсіз! Қорқынышты… Ішіңізде бұрынғы көзқарасыңыз қалғаны байқалады, қазір бәрі жария болған соң ақталуға тырысып жатырсыз! Ана тілге деген мұндай менсінбеушілік – масқара!”, “Демек ол қазақ тілін мойындамайтын әрі оған менсінбеушілікпен қарайтын ортада өскен”, “Ішкі дүниенің жұтаңдығы, өз тіліне деген жиіркеніш”, “Ана тіліне осынша менсінбеушілік бар, әрі арада 8 жыл өтсе де көзқарасыңыздың өзгермегені анық байқалады”, “Қандай өкінішті… шынымен өкінішті. Сүйікті әртістеріңнен көңіл қалу ауыр екен”, – деп жазған олар.
Әншінің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында сұхбаттарда айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, бұл 8 жыл бұрын түсірілген сұхбаттар.
“Бұған дейін мың рет айттым, енді мың бір рет айтамын, бұл видео шамамен 8 жыл бұрынғы. Ондағы пікірлер оғаш, ойлау тәсілім мен менің видеодағы әрекеттерім ақымақ және жетілмеген. Енді мұнымен не істей аламын? Біз бәріміз өсіп жатырмыз, қателесеміз, өзіміздің оғаш әрекеттерімізді бастан өткіземіз, өсе береміз және үйренеміз. 18 жастағы сіз бен 26 жастағы сіз мүлдем басқа адамсыз. Мен сияқты. Кішіпейіл болайық және үнемі жаулар іздеуді тоқтатайық”, – деп жазған ол.