Қоғам

Әлсіздік пен теңсіздік: әйелдің табысы неге төмен?

Әлсіздік пен теңсіздік: әйелдің табысы неге төмен?
Фото иллюстрация: kznews

Жақында Алматыда өткен BeWoman форумында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева нақты деректер келтірді. Министрдің айтуынша қазір елімізде жұмыссыз әйелдер саны 5,3 пайызды құрайды. Ал ерлер арасындағы жұмыссыздық 4,2 пайыз. Сондай-ақ, ер мен әйел табысының арақатынасы да алшақ, яғни, нәзік жандылар азаматтарға қарағанда 25,7 пайызға дейін кем жалақы алады екен.

Жалпы, әлемдік статистика да әйелдің табысына қатысты деректерді сынға алады. Мысалы, халықаралық экономика институттары мен сарапшылардың ашық дереккөздердергі бағалауы бойынша, 2025 жылы әйелдердің болжамды еңбек табысы ≈ 28,13 мың АҚШ доллары шамасында болса, ерлердікі ≈ 41,60 мың АҚШ долларын құрайды деп көрсетілген.
Әдетте отбасы тірегі саналатын әйелдердің экономикалық жағынан аз қамтылуы көптеген әлеуметтік проблеманың қордалануына әкелетіні жасырын емес. Бала тәрбиесінен бөлек, ананың өз күтімі де әйелдің мойынына түсетіні анық. Ал төменгі табыс әуелі адамның денсаулығына да әсер етеді.

Әсіресе, әйелдер арасында онкологиялық аурулардың күрт көбеюі қоғамды ойландыруы тиіс. Дерекке қарасақ, биылғы қаңтар айындағы есеп бойынша елімізде онкологияға шалдыққан 231 019 науқас диспансерлік тіркеуге алынған. Өкінішке қарай, науқастардың 60 пайызға жуығы әйелдер екен. Демек, қазір елімізде 140 мыңға жуық әйел қатерлі ісік диагнозымен есепте тұр.

Мамандар әйелдер арасындағы онкологиялық дерттің асқынуына әкелетін бірнеше факторды атап отыр. Өкініштісі, барлық мәселенің түйіні экономикалық теңсіздікке барып тіреледі. Яғни, дертке шалдыққан әрбір екінші әйел өз денсаулығына дер кезінде көңіл бөлмеуінің себебін табыс деңгейінің төмендегімен түсіндірген. Психологтар бала тәрбиесіндегі біржақты жауапкершілік пен толыққанды тұрмысқа жұмсалатын қаржының жетіспеуі әйел жанын уайымға бірінші батыратынын айтады. Соның кесірінен әйелді  түрлі дертке шалдықтыратын күйзеліс кезеңі басталады-мыс. Ал дәрігерлер дерті асқынғаннан кейін ғана медицина көмегіне жүгінетін науқастардың 95 пайызының әйелдер екенін айтады.

– Әйел ауруларының (миома, киста) пайда болуына тек медициналық себептер ғана емес, тұрмыстық ахуал да тікелей әсер етеді. Медициналық тұрғыдан алғанда, мұндай сырқаттар көбіне гормондық теңгерімсіздікке, тұқым қуалаушылыққа, эндокриндік жүйе бұзылыстарына, қабынулар мен денсаулықты уақытында тексермеуге байланысты дамиды. Бірақ, сонымен қатар әйелдің өмір салты, күйзеліс, отбасындағы және әлеуметтік жағдайдағы қиындықтар, артық жүктеме мен ішке жиналған реніш те ағзаның әлсіреуіне ықпал етеді. Яғни, әйелдерде кездесетін аурулар әйелдің жан дүниесі мен тұрмыстық ортадағы күйінің де айнасы десек болады. 
Біздің алдымызға жылына мыңдаған әйел келеді. Аурулары да әртүрлі. Жалпы, әйел ауруларының жиілеуі, оның ішінде омырау, жатыр рагінің көбеюі әйелдердің стрессте жүруі, іштен тынып, барлық проблемаларды арқалап жүруінде. Мен әйелдерге ылғи да "ең бірінші өздеріңіздің әйел екендеріңізді ұмытпаңыздар" деймін. Әрине, бұл жерде ер адамдардың да үлесі зор. Әйел өзін ұмытқанда нәзіктігін де жоғалтады, – дейді онкогинеколог дәрігер Дина Тұрлыханова.

Қалмаханбет Мұқаметқали.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz