Алматының Әуезов ауданында 1200 орындық №13 жаңа мектеп-гимназия салынып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турының негізгі нысанының бірі де осы болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Журналистерге құрылыс жұмысының барысын Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев таныстырды. Оның айтуынша, жаңа мектеп техникалық тексеру мен сараптама қорытындысы бойынша апатты деп танылған ескі ғимараттың орнына салынып жатыр екен.
«Бұрынғы мектеп небәрі 340 оқушыға есептелген болатын, жаңа ғимараттың жобалық қуаттылығы 1200 орынға арналған. Бұл аудандағы оқушы орнының тапшылығын едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа мектептің құрылысы ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытып, балалардың сапалы әрі жайлы білім алуына қолайлы жағдай жасауға сеп болады», – деді аудан әкімі.
Жобаға Алматының Құрылыс басқармасы тапсырыс берген. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін құрылыс жұмысы биылғы жылдың сәуір айында басталды.
BI Group компаниясы жобасы басшысының орынбасары Ернат Рымхановтың айтуынша, бүгінде құрылыс алаңында 200-ден астам маман мен 20-дан аса арнаулы техника қызу жұмыс істеп жатыр.
«Қазіргі таңда нысанның дайындығы шамамен 40 пайызды құрайды. Жерге қатысты жұмыс толық бітті. Қазірг монолитті құрылымды салу, әрлеу мен инженерлік жүйені орнатып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмысының аяқталуы 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарланған», – дейді ол.
Жобаға сәйкес, жалпы ауданы 12,7 мың шаршы метрден асатын үш қабатты ғимарат білім беру ұйымдарына қойылатын қазіргі талапқа толық сәйкес болады. Мектепте 44 оқу кабинеті, спорт залы, хореография мен балет залы, кітапхана, сондай-ақ 354 орындық асхана қарастырылған.
Жобалау кезінде қауіпсіздік, сейсмикалық төзімділік, энергия тиімділігі мен ерекше білім беруге мұқтаж балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға көп көңіл бөлініпті.
Қазіргі уақытта нысанда бұзу мен жер жұмысы толық аяқталды, ғимарат қаңқасының 68 пайызы орнатылды, сыртқы инженерлік желінің 90 пайызы тартылды. Сонымен қатар ішкі инженерлік коммуникацияларды жүргізу, қабырға мен қалқа тұрғызу, ішкі әрлеу мен аумақты абаттандыру жұмысы істеліп жатыр.
Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиевтің айтуынша, құрылыс жұмысын бекітілген кестеге сай тұрақты бақылауды ұстап отыр.
Нысан пайдалануға берілгеннен кейін уақытша жақын маңдағы мектептегі оқушылар келесі оқу жылында жаңа білім ордасына қайта оралады. №13 жаңа мектеп-гимназия ауданның ең үлкен білім беретін нысанның біріне айналып, өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік бермек.