Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасындағы өзіне қол жұмсау оқиғалары қоғамды алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Алматы қаласы жасөспірімдер суициді бойынша республикалық статистикада алдыңғы қатарда. Мұндай қайғылы жағдайлардың көптігі алдын алу шараларын күшейту керектігін көрсетеді.
Алматы қаласында 2023-2025 жылдарға арналған арнайы кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоспардың басты мақсаты – балалар үшін қауіпсіз және қолайлы орта қалыптастыру, зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу. Аталған жоспар аясында мектептерде «DosbolLike» бағдарламасы енгізіліп, оқушылар арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға, буллингтің жолын кесуге бағытталған іс-шаралар өткізілуде.
Алматы қалалық Білім басқармасы Психологиялық қолдау орталығының мамандары мектептерде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу жүйелі жолға қойылғанын айтады. Консультант-психолог Эльдар Жапаровтың мәліметінше, бүгінде әр мектепте оқушылардың психологиялық ахуалын қадағалайтын мамандар бар, олар қауіп белгілерін ерте анықтап, жедел кеңес береді. Мектептердің бәрінде оқушылар аноним түрде өтініш қалдыра алатын «сенім жәшіктері» орнатылып, жанында 111 ұлттық сенім телефонының нөмірі мен қалалық психологиялық қызметтің байланысы ілінген.
Бұл бірыңғай байланыс желісі арқылы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы құпия әрі тегін кеңес алуға болады. 2025 жылдың басынан бері осы call-орталыққа балалардан 110 мыңнан астам өтініш түскен, оның ішінде ең көп хабарласқан өңір – Алматы қаласы (9 160 өтініш) екен. Мамандар балалар телефон арқылы сөйлескеннен гөрі хабарлама жазып көмек сұрауды жиірек таңдайтынын айтады, осының өзі олардың мұңын сыртқа айтуға қаншалықты мұқтаж екенін көрсетеді.
Ресми дерек бойынша биылдың өзінде осы орталық арқылы 3 499 балаға тікелей психологиялық көмек беріліп, 1 600-ден астам өтініште тиісті органдармен бірлескен шұғыл әрекет ұйымдастырылған.
Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, Алматыдағы пилоттық мектептерде қиын жағдайға тап болған балаларға кешенді көмек көрсету жолға қойылып, әрбір білім ордасында профилактикалық жұмыс күшейтілген.
Балалардың құқықтары жөніндегі Алматы қалалық омбудсмені Диана Ерлан да буллинг, суицид және кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу шаралары тұрақты назарда екенін атап өтті. Биылғы қаңтарда Отбасын қолдау орталығы іске қосылып, отбасыларға кеңес беру және психологиялық көмек беру басталды, көктемде Балалар құқықтарын қорғау орталығы жұмысын бастады. Омбудсмен мұндай орталықтар білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары, полиция және прокуратурамен бірлесе отырып, жүйелі мәселелерді шешуге кіріскенін айтады. «Суицидтің алдын алу – тек мектеп пен отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті» екенін еске салған омбудсмен әрбір оқиғаға сергек қарап, барлық жауапты мекемелер мен ата-аналардың тығыз байланыста жұмыс істеуін маңызды деп санайды.
Жасөспірімдер арасындағы суицид проблемасын шешуде мектептер мен үкіметтік емес ұйымдар да белсенді. Алматы мектептерінде педагог-психологтар оқушылардың психоэмоционалдық жағдайын анықтау мақсатында тұрақты түрде скрининг, сауалнама жүргізеді. Нәтижесінде «қауіп тобындағы» балалар анықталып, оларға жеке және топтық психологиялық түзету жұмыстары ұйымдастырылады. Мысалы, 2016 жылдан бері Алматыдағы мектептерде «Soul Games» атты бірегей бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Бұл жоба аясында мектеп психологтарын ерекше әдістеме бойынша оқытып, біліктілігін арттыру қолға алынған. Бағдарлама отбасылар мен жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға және баланың ішкі жан дүниесін терең түсінуге бағытталған.
Нәтижесі қуантарлық, соңғы төрт жылда Алматыда 50-ден аса маман даярланып, олар 1 200-ге жуық отбасыға тегін психологиялық көмек көрсеткен. Бүгінде осы бағдарлама қаланың 30-ға жуық мектебінде енгізіліп, мектеп психологтары ата-аналар мен оқушыларға арнайы топтық сабақтар өткізіп келеді. Алматы қаласы білім басқармасының әдіскері Венера Қоқанова бұл жобаның тиімділігін атап өтті. Бағдарлама енгізілген білім ордаларында өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары тіркелмеген, тіпті мұғалімдер алғашқы екі айдың ішінде балалардың 40%-ында мінез-құлқында оң өзгеріс байқалғанын айтқан.
Отбасы тәрбиесі мен рухани-адамгершілік құндылықтар да балалардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын ең маңызды негіз. Суицид мәселесінің түп-тамыры көбіне жан дүниедегі жарақат пен үмітсіздікте жататындығын ескерсек, балаға кішкентайынан өмірдің мәні мен құндылығын ұғындыру, қиындықтарды жеңе білуге үйрету – басты парыз.
«Егер бала кез келген проблемасын ата-анасымен бөлісіп, сұрақтарына уақытылы әрі нақты жауап алып отырса, оның жан жарасы асқынбайды» дейді мамандар. Демек, әр ата-ана баласына мұқият көңіл бөліп, сырласу арқылы қиындықты бірге еңсеруге дайын екенін көрсетуі тиіс. Отбасылық құндылықтарға баулу – баланың өмірге құштарлығын арттырып, ауыр сәтте тірек табуына көмектеседі.