Алматыдағы Республика сарайында Республика күніне арналған салтанатты концерт өтті. Мерекелік шара Мемлекеттік Туды сахнаға әкелу және халық артисі Талғат Күзембаев орындаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды, деп хабарлайды kznews.kz.
Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.
Концертке Рамазан Стамғазы, Луина, Әлібек Дінішев, Қазыбек Құрайыш, Нұрлан Өнербаев, Жанар Дұғалова, Жұбаныш Жексенұлы, Мирас Жүгінісов, сондай-ақ «Дос-Мұқасан» ансамблі мен жас дарын Әділ Бектұрсын өнер көрсетті. Көрермендер заманауи эстрадалық шығармалар мен халықтық-патриоттық әндерді тыңдап, Отан мен туған жерге деген махаббатты сезінді. Кештің көркін Wake Up балет тобының хореографиялық қойылымдары мен пластикалық би көріністері толықтырды.
Концерттің ерекше сәттерінің бірі – заманауи технология мен өнерді үйлестіру болды. Кейбір музыкалық өңдеулер мен визуалды эффектілер жасанды интеллект негізіндегі отандық Higgsfield платформасы арқылы әзірленді. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгіленген шығармашылық саланы инновациялық дамыту бағытының айқын көрінісі. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамыту – ұлттық бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды құралы.
Кеш соңында «Атамекен» әні шырқалып, қатысушылардың жүрегінде мақтаныш сезімі пайда болды.
Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл мерекелік шара Республика күніне арналған басты оқиғаға айналып, ұлт бірлігі мен рухани сабақтастықты, алматылықтардың бейбітшілік пен өркендеуге деген ұмтылысын айқын көрсетті.
Айта кетейік, Республика күні Алматыда кеңінен атап өтілуде. Мереке қарсаңында салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылып, қала әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атынан қоғам, мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау және экономика салаларында елеулі еңбегі бар тұрғындарға мемлекеттік наградаларды табыс етті. Қалада әртүрлі концерттер, көрмелер мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, әрбір адамда тәуелсіз елімізге деген шексіз сүйіспеншілік сезімі оянып отыр.