Алматы облысындағы мектептердің бірінде болған жанжал қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желілерде 11-сынып оқушысының мұғалімге күш қолданған сәті түсірілген видео тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 16 қаңтарында Шамалған ауылындағы «Жаңа қазақ орта мектебінде» болған. Таңғы уақытта педагог пен жоғары сынып оқушысы арасында жанжал шыққан.
Белгілі болғандай, мұғалім жасөспірімге сабаққа қатысу және тәртіп сақтау жөнінде ескерту жасаған. Алайда оқушы бұл ескертуді ашумен қабылдап, педагогке қол көтерген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, тергеу қорытындысы бойынша заң аясында тиісті шешім қабылданады. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен білім бөлімі профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын қолға алған.